Карта сайта
рус

Академия ректоры 40 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектермен кездесті

25.05.2019

      Бүгін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров осыдан 40 жыл бұрын, Академиямыздың ғимараты С.М.Киров атындағы ҚазМУ (Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқу корпусы болған кезде түлеп ұшқан түлектерімен кездесті.
      Олардың арасында Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және спорт министрі болған, белгілі қоғам қайраткері Есет Қосубаев, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Жәкен Таймағамбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-жүргізуші Сағынай Абдуллин және тағы басқалары бар.
Олар жастық шақтың жалынымен С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге бірге оқуға түсіп, арман-мұраттарына жетіп, қызықты студенттік шақтарын осы ғимаратта өткізген. Бүгінгі кездесу мектеп, колледж оқушыларының соңғы қоңырау мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен, өте әсерлі болды.
Түлектер Академия ғимаратын аралап, өздерінің бұрын дәріс өткен аудиторияларын көріп, естелік әңгімелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, қазіргі тыныс-тіршілігімен, шығармашылық табыстарымен Академияның ректоры Асхат Маемиров таныстырды.
Айта кетейік, қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы - талай тарихи кезеңдер мен сәттерге куә болған көне ғимараттардың бірегейі.
      Ғимараттың құрылысы 1927-31 жылдары конструктивизм үлгісінде салынып, Бүкілодақтық сәулеттік байкауының жеңімпазы атанған болса, 1980 жылдан бастап республикалық Сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне кірген.
Бұл ғимаратта бұрынғы Қазақ КСР-ның Үкімет үйі болып, өткен ғасырға өшпес із қалдырған Дінмұхамед Қонаев бастаған тұлғаларымыздың аянбай тер төгіп, еліміз үшін маңызды шешімдер қабылдаған киелі орын екенін көбі біле бермес.
Содан соң, С.М.Киров атындағы ҚазМУ оқу корпусы болған (Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). Кейінірек, көркем-театральды институты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы атанды.

      Әділғазы Кереев

Назад к Новости КазНаи
+