Карта сайта
рус

Ержан Максимнің елордада жеке концерті және The World's Best таланттар шоуына баратыны айтылды

20.05.2019

      Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде жас дарын Ержан Максимнің шығармашылығы жеке концертіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ринат Кертаев, жас өнерпаз Ержан Максим және анасы Гүлмира Әлібек қатысып жаңалықтарымен бөлісті.

      Жас әнші Ержан Максим елордада өзінің жеке концертін береді. Оның жеке концертіне танымал отандық және шетелдік әншілердің қатысуымен өтеді. Айтулы ән кеші елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында 28 маусым күні сағат 19:00-де өтетіні белгілі болды.

      «Жас дарын иесі Ержанның жеке концертін беруі қалада өтетін айтулы мәдени шаралардың бірі деп айтуға болады. Концерт симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста өтетін болады. Ән кешіне отандық танымал әншілер Сәкен Майғазиев, Ринат Гайсин, Айқын Төлепберген және Мөлдір Әуелбекова қатысады. Одан бөлек, шетелдік белгілі әртістердің де қатысуын жоспарлап жатырмыз. Оның ішінде Ержанмен дуэт айтатындар да болады. Қазіргі уақытта келісім жасалып жатыр, сондықтан кімдердің болатыны кейінірек белгілі болады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

      Сондай-ақ, Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі келесі жылы америкалық The World's Best шоуына Ержан Максимнің кандидатурасын ұсынады. Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров былай мәлімдеді: «Биыл Америкадағы «The World's Best» байқауына бізден екі әнші қатысты. Атап айтқанда, таланттар шоуында Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешова өнер көрсетті. Алдағы жылы министрлік АҚШ-тағы байқауға Ержанды ұсынуды жоспарлып отыр», - деді Асхат Маемиров.

      Жас өнерпаз Ержан Максим бүгінде елордада өтетін өзінің жеке концертке дайындық жұмыстары басталып та кеткенін айтты. Ән кешінде авторлық әндерімен қатар, белгілі композиторлардың да туындыларын орындайтынын сөз етті. Концертті ұйымдастыру шарасына қолдау көрсеткен министрлікке алғысын білдірді.

      Ұйымдастырушылардың баяндауынша, Ержан Максимнің жеке концерті «Хабар» телеарнасынан телевизиялық нұсқасы көрсетілетін болады.

      Сол сияқты ұйымдастырушылар концерт билетінің бағасы мен оны қайдан сатып алу мүмкіндігі жақын күндері белгілі болатынын да айтып өтті.

      Әділғазы Кереев

Назад к Новости КазНаи
+