Site map

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, БЕЛГІЛІ ТЕАТР ЖӘНЕ КИНО АКТЕРІ БЕРІК АЙТЖАНОВ «МУЗЫКАЛЫҚ ТЕАТР АРТИСІ» МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ӨЗ ШЕБЕРXАНАСЫНА СТУДЕНТТЕР ҚАБЫЛДАЙДЫ

09.04.2019

         Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, Асхат Маемиров кино және театр актері Берік Айтжановты қабылдады. 
         

         2019 жылғы 18 наурызда Берік Бөшенұлы Академия студенттерімен кездесу кезінде Асхат Максимұлы майталман актерден дәріс алып, тағылымдамасын тыңдауға академия жастарының аса ықыласты екендігін алға тарта келе Өнер академиясынан өз шеберханасын ашу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бүгінгі кездесуде Асхат Максимұлы: «Актерлерді дайындайтын шеберханаларда режиссура болсын, актер өнері мамандығы болсын белгілі кәсіби жетістіктерге жеткен, маман ретінде өзін танытқан адамдар жұмыс жасауы керек. Ал бұл шеберхананада актер табиғатын жақсы түсініп, образын кәсіби деңгейде сомдаудың қыр-сырын, сахна техникасын, кейіпкермәнділіктің заңдылықтарын түсініп-білетін адам ұстаздық еткені жөн. Мен Қазақстанның театр, кино әлемінде және халықаралық аренада жүрген бірден-бір адам ретінде Берік Айтжанов деп танимын. Сондықтан ректор ретінде оны жастарға айтар өмірлік тәжірибесі, ұшқыр ойымен бөлісетін кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде академия жұмысқа қабылдау жөнінде шешім қабылдап отырмын» – деді. 

         Кездесу барысында Берік Айтжанов ойлана келе биылғы оқу жылында «Музыкалық театр артисі» мамандығы бойынша өз шеберханасын ашу жөніндегі ұсынысты қабыл алғандығын жеткізді.

         Берік Айтжанов (1979 жылы 11 наурызда Қызылорда облысында туған) — қазақстандық танымал кино және театр актері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2016). «Құлагер» Ұлттық киносыйлығының иегері (2009). 
2000-2004 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетін «Музыкалық драма театры артисі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

         Сахнадағы негізгі рөлдері: А. Чеховтың «Ваня ағай» драмасында Астров, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Лаэрт, М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым, Т. Ахметжанның «Сұлу мен суретшісінде» Суретші, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Абзал, Д. Исабековтің «Жаужүрегінде» Балуан Шолақ, М.Әуезовтің «Абайында» Әбіш, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемінде Абай рөлдерін сомдаған және С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елес», Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат», А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу», М.Әуезовтің «Қилы заман» спектакльдеріде ойнаған.
Кинодағы рөлдері: «Қорғансыздың күні» (реж.Р.Альпиев 2004ж.), «Махамбетте» (реж.С.Тәуекел, 2004 ж.) Махамбет, «Мұстафа Шоқайда» Байдрахман (реж. С. Нарымбетов, 2005ж.), «Застава» (реж. Қ.Ахметов, 2005ж.), «Ағайындыларда» Шыңғыс (реж.А.Сатаев, 2007ж.), «Возвращение в «А» (реж. Е.Кончаловский, 2008ж.), «Ликвидатор» (реж.А.Сатаев), «Жаужүрек мың балада» Әбілқайыр (реж.А.Сатаев), Тракторшының махаббатында» Жасұлан (реж.А.Ұзабаев), «Адельде» Композитор (реж.А.Бисембин), «Голос степи» (Е.Шынарбаев), «Книга» (реж.Е.Жұмағұлов), «Замуж в 30» (реж.А.Бисембин), «Аманатта» Ермахан Бекмаханов (реж.С.Нарымбетов), «Анаға апарар жол» (реж.А.Сатаев), «Жұлдыздар тоғысқанда» (реж.С.Снежкин), «Композитор» (реж.Б.Байқадамов), және т.б.

BackTo KazNAA news
+