Сайт картасы
қаз

Бірінші Орталық Азия деректі кино форумы өтті

07.12.2018

   2018 жылдың 5 және 7 желтоқсан күндері Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арналған «Бірінші Орталық Азия деректі кино форумы» мен «Кино және ТВ» факультетінің 25 жылдығына арналған үш күндік мәдени іс-шара өтті.

   Аталған шара ұлт Көшбасшысының жаңа мақаласы негізінде Орталық Азия деректі кино қайраткерлерінің басын тұңғыш рет Қазақстанда, оның ішінде Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында өтіп отыр. Форумның ашылуында сөз алған Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров аталған форумның Орталық Азиядағы бауырлас әрі көршілес халықтардың рухани бірлігін арттыра  отырып, кино өнері негізінде пікір алмасу, аймақтық ортақ мәдени кеңістік құру және келесі ұрпаққа өскелең өнеге беру мәнімен ерекшеленетінін атап өтті.

   Форум аясында өзбекстандық режиссер Шухрат Махмудовтың    «Абайдың қара сөздері»  деректі фильмінің тұсаукесерін таныстырса, қазақстандық режиссер Берік Жаханов Әбдіманат есімді өзбек отбасының дәстүрлі кәсібі бесік жасаудың қыр сырларын әңгімелейтін «Наследие предков», яғни «Бабалар мұрасы» атты фильмін көпшіліктің назарына ұсынды. Өзбекстандық режиссер түсірген фильм желісінде қазақ ақынының жастық шағы, оның қоршаған ортасы, шығармашылығы және мұрағат құжаттары кеңінен насихатталған. Мұндай өзара мәдени байланыс екі бауырлас елдерің мәдениеті мен тарихын тануға ерекше ден қойылғанын аңғартса керек.

   Сондай-ақ, аталмыш басқосу қазақстандық танымал  режиссер Бақыт Қайырбековтың «Қазақстандағы түркітілдес халықтар» циклы бойынша түсірілген     «Огонь, мерцающий в сосуде» атты фильмін таныстырумен өз жұмысын аяқтады. Фильм Қазақстан жерінен басқа да Хакасия, Татарстан, Қырғызстан елдерінде түсірілген.  Түбір бір бауырлас халықтардың дәстүрлі мәдениетін қамтыған сюжетті тамашалаған көрермен ерекше тәнті болды. Танымал ресейлік кинотанушы Евгений Майзель фильм авторына : «Экранда көрсетілген дүниелерден көп нәрсені түйдім әрі  аса маңызды жұмысты шебер көрсете білгеніңізге таң қалып отырмын» - деді.  

   Академия кинозалында өзбекстан деректі фильмдер көрсетілімімен жалғасқан форумның бірінші күні 2017 жылғы венеция кинофестивалінің «Ең үздік деректі  фильм» аталымының жеңімпазы, Өзбестан режиссері Б.Юлдашевтің «Ұлықбек» фильмінің тұсаукесер-көрсетілімімен аяқталды.

   Форумның екінші күні Тәжікстан, Қырғызстан елдерінің деректі фильмдер көрсетілімі өтті. Қазақстандық деректі фильмдер форумның соңғы күні экранға шықты. Сондай-ақ форум аясында «Бүгінгі Орталық Азия деректі киносының өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+