Сайт картасы
қаз

ӨНЕРПАЗДЫҢ ӨНЕР ОРДАСЫМЕН КӨРІСУІ

14.03.2019

Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында, бағзы замандардан келе жатқан жылдың басы Әз-Наурызға арналған «Көрісу мерекесі» өтіп, «Бір жасыңмен» деп ұстаздар қауымы, студенттер төс қағысып амандасып, үлкендер ақ батасын берді.

         Бүгінгі күн 14 наурыз – көне заманнан келе жатқан жаңа жылдың бастауы болып саналады. Аталған шараға белгілі айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Мұхамеджан Тазабек арнайы қатысты. Академия өнерпаздары қадірлі қонақты көктемгі мерекелік көңіл-күймен, ән-жырмен шашу шашып қарсы алды.

          Содан соң, академияның оқу залында Мұхамеджан Тазабекпен студент жастар арасындағы кездесуіне ұласты. Кездесуді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Сәкен Майғазиев кіріспе сөзбен ашты.

         Одан әрі сөз алған М.Тазабек: «Өнер академиясы талай қазақтың батасын алған, әлемді мойындатқан, дүние жүзіне біздің өнеріміздің шуағын шашқан азаматтардың тәрбиеленіп шыққан жері. Қай кезде де ұлтқа, елге, қауымға жақсылықты тұлғалар насихаттаған. Сондықтан, елжандылықты да, ұлтжандылықты да, дәстүрді, де салтты да бірінші кезекте сіздердің насихаттауларыңыз заңды әрі табиғи нәрсе деп есептеймін. Тәуелсіз кезеңде өзіңнің ұлттық өнерге қызмет ететініңе көзіңнің жететіні де бір бақыт екен. Кешегі кеңестік кезеңде осы өнер ұжымында қаншама ағаларымыз ішінен тынып, іштегі қазақы қасиеттерін, потенциалын сыртқа шығара алмай, құдай берген мүмкіншіліктерін ернінің ұшымен, емеурінмен жеткізіп кеткен еді. Ал сіздер, бүгінгі студенттердің құдайдың берген қабілетін, ұлтжандылық сезімін жарқыратып шығаруға толық мүмкіншіліктеріңіз бар. Сіздерді Көрісу күнімен, ұлттық мерекемен құттықтаймын! Көрісу күнінің ұлы бір жақсылығы — адам тек қана даланы, ауланы, үйді тазаламайды, көңілді, жүректі тазалайды. Ал көңілі, жүрегі таза адамның өрге тасы домалайды және жүзі жарқын болады» — деп жастарға ізгі тілегін білдірді.

         Жалпы студенттер мен жастар арасындағы кездесу еркін жағдайда өтті. Жастарымызды ұлттық ділімізге тән салт-дәстүрлерге, ізеттілік, ізгілік, имандылық қасиеттеріне баулитын бұл шара барысында кездесу қонағы республикалық «Асыл арна» телеарнасыны басшысы ретінде де шараға қатысушылардың  көптеген сұрақтарына тұщымды жауап берді.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+