Сайт картасы
қаз

Т. ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ РЕКТОРЫНЫҢ РЕСЕЙ САПАРЫ

10.04.2019

         Жуырда Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров бастаған Академия делегация «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш күндік жұмыс сапарымен Мәскеу қаласында болып қайтты. Сапар барысында Ресей Федерациясындағы белгілі өнер оқу ордаларымен арада білім беру және мәдениет саласындағы бірқатар келісімге қол жеткізілді.

21 наурыз. Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясы және Борис Щукин атындағы театр институтыбасшылығымен және профессорлық-оқытушылық құраммен кездесу өтті. Академия ректоры Асхат Максимұлы Ресей Академиясының ректоры – Галина Маяровская арасындағы кездесу барысында екі Академияда осыған дейін жасалған келісімшарт мерзімін ұзарту жөнінде әңгіме қозғалып, Гнесиндер академиясына Жүргенов академиясынан екі магистрант, Мәскеуден академияға екі магистрант жіберіліп, айналы-мобильді оқыту әдісімен білім алмасу келісілді. Сонымен бірге биыл күзде Гнесиндер академиясында өтетін ғылыми-танымдық конференцияға Академиядан оқытушылар барып, баяндама жасамақ. Келіссөз барысында жуырда Академияда ашылған Ұлттық өнер факультетіне қажет оқулықтар, нұсқаулықтар, тағы да басқа оқу құралдарымен жабдықтау жөнінде шешім қабылданды.

         Түстен кейінгі жұмыс сапары Б. Щукин атындағы Театр институтының ректоры Евгений Князевпен кездесуге ұласты. Академия бойынша эстрада және ұлттық өнер факультеттерінде сабақ беретін жас маман оқытушылардың білімін арттыру, білігін жетілдіру, тағылымдамадан өту жөнінде екі тарап арасында шығармашылық келісімге қол қойылды.

22 наурыз. Ұлыстың ұлы күні Асхат Максимұлы бастаған делегацияекі бірдей оқу орнында болып, ішкі жағдаймен танысып, басшыларымен кездесті.

         Оның біріншісі іргесі 1809 жылы қаланған, елдегі ең көне жоғары театр оқу орны – Ресейдің Мемлекеттік академиялық Кіші театр жанындағы Михаил Щепкин атындағы жоғары театр училищесі (Институты).

         Училище театр өнері және актерлік өнер бағыттары бойынша жоғары, жоғары білім алғаннан кейінгі және қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

                Щепкин институты қазаққа 1972-ші жылдары және 1978-шы жылдары театр өнері бойынша екі буын етіп ұлттық кадр дайындап бергені белгілі. Институт ректоры БорисЛюбимовпен осылардың барлығын Акадмия өкілдеріне мұрағаттық-тарихи деректер арқылы зор мақтанышпен айтып берді. Мақтанса мақтанғандай, кезінде Щепкинканы бітірген түлектер бүгінде еліміздің өнер майталмандарына айналып отыр. Олардың ішінде Қазақ ССР Халық артисі Досжан Жанботаев, марқұм режиссер Жанат Хаджиев, Рашида Хаджиева, бүгінде Қостанай театрында еңбек етіп жүрген Ғайыпберген-Шахмардан Есенқұлов, Қарағандыдағы Асылзат Ахметқалива, Серік Бұлғақбаев, Сағызбай Қарабалинды айтуға болады. Академия ректорының Борис Николаевичпен арада өткен әңгімеде театр өнеріне арнап ұлттық кадр даярлау жүйесін одан әрі жалғастыру жайы сөз болып, басшылар арасында шығармашылық келісімге қол қойылды.

                Бұдан кейінгі кездесу Антон Чехов атындағы Мәскеу Көркем театры (МХАТ) жанындағы Немирович Данченко атындағы Мектеп-студиясында (ЖОО) жалғасты. Соғыс түтеп тұрғанда,1943 жылы құрылған оқу ордасының қазіргі ректоры Игорь Золотовицкийдің айтуынша, мектеп-студия негізінен актерлік, қойылымдық және продюсерлік бағыт бойынша маман дайындайды, оларға қоса театр суретшілерін, сахналық костюм бойынша суретші-технологтар, жарық қоятын суретшілер бөлімшелері бар. Бұл оқу орнының ерекшелігі, ондағы оқу-әдістемелік жүйесіне студиялық рух тән. Яғни, студенттерінің саны аз, соған сәйкес оқу сапалы. Драма актерін оқыту жақсы жолға қойылған, әсіресе Станиславский мен Данченконың театр әдісімен оқытатын бірден-бір оқу орны болып табылады.

24 наурыз. Сапардың соңғы үшінші күні ресейлік брендке – Ресей Театр өнері институтына (ГИТИС) барумен айшықталды. ГИТИС еуропадағы ең ірі театрлық жоғары оқу орны және әлем бойынша осы саладағы ең ірі оқу ордаларының бірі.

         1878 жылы атақты Ресей музыканты П.А. Шостакович музыкалық-драмалық мектеп ретінде іргесін қалаған оқу орнына биыл 140 жыл толғалы отыр. Әлемнің өнерсүйер қауымына ортақ осы айтулы датаны Қазақстанда да атап өту жөнінде Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлының ниетін Академия ректоры Асхат Маемиров жеткізгенде, институт ректоры, белгілі театртанушы және театр сыншысы Григорий Заславский қуана қабылдап, ризашылығын білдірді.

         Естеріңізге салсақ, жақында Академияның бір топ жастары Ресейдің осы Театр өнері институтында өткен студенттер арасындағы XII Халықаралық дербес студенттік режиссерлік үзінділер конкурсына және конференцияға қатысып, «Режиссерлік қуаты үшін» аталымы бойынша жеңімпаз болып келген болатын.

         ГИТИС-тен Асқар Тоқпанов,  Әзербайжан Мәмбетов, Ерсайын Тәпенов, Әубәкір Рахимов, Асхат Маемиров, күні кешегі Самал Еслямова, театртану факультетінен Халила Сағатова, Жәмиля Мұхаметжанова, Сәния Қабдиева, продюсерлік факультеттен қазіргі Динара Кулебаева, ұлттық кадрлардан Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов, Қазақ Ұлттық өнер институтының проректоры Қымбат Тілеуова сияқты өнер қайраткерлері түлеп ұшқан.

         Жалпы алғанда, үш күнге жоспарланған жұмыс сапары барысында жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілді.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+