Сайт картасы
қаз

ЕСТАЙ ДАУБАЕВ ЖАҢҒЫРТҚАН ЖАҢА МҰРАЛАР

24.08.2019

ЕСТАЙ ДАУБАЕВ  ЖАҢҒЫРТҚАН ЖАҢА МҰРАЛАР

 

       «Рухани Жаңғыру» Мемлекетік стратегиялық маңызы бар барғарламасы аясында Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясының Сәндік Қолданбалы өнер кафедрасының доценті Естай Даубаевтың қосқан үлесінің мемлекетіміздің мәдени тарихында өзіндік орны бар десек болады.

      Ішкі (Бөкей) Ордасы тарихындағы Хан мөрлері бұл күнде тарих сахнасына қайта оралды.  Естай Даубаев  2019 жылдың 6 маусымында Бөкей хан мөрінің, Шығай сұлтан мөрінің, 13 тамызында Бөкей ханның сұлтан кезінде қолданған мөрі мен Жәңгір хан мөрінің қайта қалпына келтірген нұсқаларын Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қорына  табыс етті.

      Естай Даубаевтың «Хан Ордасы» музей қорығы құрылған кезеңде Жәңгір ханның «Қару жарақ палатасы» экспозициясына қойылған қару жарақтарды қайта қалпына келтірген, «Хан Ордасының зергерлік бұйымдары» экспозициясын жасақтаған еді. «Хан мөрлері» реконструкциясын жасау Естай Даубаевтың Хан мұраларын немесе Бөкей Ордасы мұраларын қайта қалпына келтіру ісінің заңды жалғасы еді.  

      Хан мөрлері басқа билік атрибуттары Хан көтерген ақ киіз, Хан тағы, Ханның асатаяғы, Хан байрағы сияқты түпнұсқасы сақталмаған мұралар қатарына жатады. Мемлекеттіліктің тарихын айғақтайтын, хандардың жарлығын, қатынас хаттарын айғақтайтын маңызды дәлел мөр болып табылады. Мөр соғу ісі аса жауапкершілікті, алдын ала ғылыми-шығармашылық әзірлікті талап ететін іс. Хан мөрлерін қайта қалпына келтіру жұмысына автор алдын ала ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде келген. Археологиялық қазбалардан табылған мөрлер мен бұған дейінгі қайта соғылған Абылай хан мөрі  қайта зерделенген. Тарих, этнология, мұрағаттану, музейтану, өнертану, этнофольклор ғылымдарының пәнаралық байланысы негізінде жүзеге асты десе болады. Пәнаралық байланыс қазіргі таңдағы ғылымның өскелең талабы. Этнограф ғалым Тәттігүл Қартаевамен бірлескен пәнаралық зерттеу жүргізу нәтижесінде мөр тарихы мен оның қолданыс аясына ғылыми сараптау жасалды, архив құжаттары, жазба деректер (Абу-л-Фазл Байхаки, И.Казанцев, т.б.), гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер (И.В.Ерофеева, Н.Әлімбай, Е.Ш.Шаймерденов, Қ.Омарханов, В.Л. Янин, т.б.), фольклорлық деректер, Шыңғыс хан, Сүлеймен пайғамбардың (кейін Су патшасы Сүлеймен атанған) мөрлері туралы аңыздар сарапталды.

      Хан мөрлерін қайта қалпына келтіру үшін нақты ғылыми мәлімет, хандардың мұрағаттарда сақталған мөр соққан хаттары, жарлықтары мен қатынас қағаздары болып болып табылады. Мөрлік таңба бар маңызды құжаттар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Орталық мемлекеттік кинофо­тоқұ­жаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан қаралды.  Пәнаралық байланыстың нәтижесінде Хан мөрлеріне қатысты маңызды ғылыми мәліметтер айғақталып нәтижесінде «Мөр және мөрлі жүзіктің тарихи реконструкциясы» атты әдістемелік экскурс ғылыми айналымға енді, ғылыми туынды авторлық құқықпен патенттелді (№3237, 08. 05. 2019).

 

       Жазба деректерді қайта зерделеу нәтижесінде хан, сұлтандардың мөрлерінің бай, тархан, старшындардың мөрлерінен айырмашылығы күмістен соғылып, бүйірі жалпақ, ұшы жоғары қарай сүйірленіп біткендігін, мөр қорғанындағы өрнек арқылы ханның көзқарасын айғақтаған.  

      Бөкей хан 1912 жылға дейін сұлтан кезінде қолданған мөрінің қорғанына шексіздік өрнегін салдырған, ал хандық таққа отырған соң  сұлтандық мөрін жойып, хандық мөрінің қорғанына  жапырағын жайған бұтақ бейнесін беретін көгеріс өрнегін алған. Шығай сұлтан қолданған мөрдің қорғанына аспан әлемі денелерінен жұлдыз шекіледі. Жұлдыз әрі ислам дінінің символы іспетті, әрі шарықтау,  алға ұмтылу, биіктеу, өсу идеясын білдірген.  Жәңгір хан хандық билікке келген соң соқтырған мөрінің жиегіне, яғни қорғанына айнала өсіп келе жатқан немесе бүршік атқан жас шыбықты бейнелеген. Жәңгір хан жас шыбықтағы бүршік бейнеленген мөрді  1835 жылға дейін қолданып, 1835 жылы мөр ортасындағы жазуды толығымен қалдырып, бүршіктен жапырақ жайған өрнекке ауыстырған. Жәңгір хан сонда билік еткен тұсында Бөкей хан жолымен екі рет мөр ауыстырған. Өсімдік өрнектері өркендеу идеясының сипатын берді. Ою өрнектер тарихи дәуірлерде өрнекті салған немесе тапсырыс берген адамның ойын, мақсатын білдірген.

 

      Жүзік түріндегі мөрдің барлық түрін тарихи дәуірлерде де зергерлер мен ұсталар соққан. Естай Даубаев реконструкциялық жұмыста мөр  ретіндегі статусын анықтайтын ресми жазулары мен бедерлері,  лауазымдық мазмұнын сақтап қана қоймай, архив құжаттары айғақтайтын, мөрдің өлшемін, көлемін де сақтаған.

      Естай Даубаев Хан мөрлерін тапсырумен қатар, музей қорының маңызды бөлігін құратын  өзі қалыптастырған «Қару жарақ палатасы» мен «Хан Ордасының зергерлік бұйымдары» экспозициясына, Батыс Қазақстан тарихи өлкетану музейіне қойылған Жәңгір ханның асатаяғының қолданыс аясы мен тарихи мәніне музейлік ғылыми сипаттама беретін «Хан Ордасына оралған мұралар» атты Әдістемелік нұсқаулықты ғылыми айналымға ендірді (Авторлық құқық патенті: №4764, 02.08.2019). Хан Ордасындағы «Қару жарақ палатасы» экспозициясында Естай Даубаев соққан шоқпар, айбалта, қылыш, қанжар, найза, садақ, мылтық және дулыға, сауыт, қалқан сияқты қорғаныс жарақтары мен киімдері қойылған. Зергерлік экспозицияға Естай Даубаевтың антикварлық коллекциялсы қорынан үй тұмарлар, белдіктер, кеуде әшекейлері, шаш әшекейлері, қапсырмалар, түймелер, сырға, жүзік, сақиналар тұрақты экспозицияға қойылған.

      «Бөрілі байрақ басы» - Естай Даубаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасаған жаңа шығармашылық туындысының бірі. Қазақ халқының тотемдік танымында бөрі ерекше маңызға ие. Бөрі танымы түркі халықтарының барлығында дерлік символдық мәнге ие. Бөрілі байрақ басын тек қазақ халқы ғана емес, өздерін бөрінің ұрпағымыз деп санайтын түркі халықтары да ортақ иемденеді. Бөрілі байрақтың тарихи дәуірде қолданыста болғанымен түпнұсқасының сақталмауы, тағы да авторлық ізденіске  алып келеді. Бөрілі байрақ басын ту орнына ұстау исламнан кейін тарих сахнасынан қолданыстан шыққан дәстүр. Ислам діні келгеннен кейін  бөрілі байрақты бірте бірте, найза байрақтар, ту қадалған байрақтар, мата, аттың құйрық қылы ілінген байрақтар ауыстыра бастаған.     

      Естай Даубаев қайта жаңғыртқан «Бөрілі байрақ басында» авторлық өз қолтаңбасы бар. Туынды жиналмалы 5  бөліктен тұрады. Сабы мен тұғыры бір бірімен үш таған арқылы жалғасады. Үш таған ошақтың үш тұғырын бейнелейді. Туындыдағы бөрі басында бөрінің азулы тістері анық көрінеді. Жауына қарап тісін қайрап, айбат шегіп тұрған бөрінеі бейнелейді. Басынан көкжал бөрінің жалы тұғырға жалғасып бітеді. Көкжал бөрі бөрілер ішіндегі азулысы болып саналады. Туындының сабына қошқармүйіз оюы салынған. Бөрілі байрақ басының сырығы қызметін атқарып тұрған сабының өн бойына, тұғырымен тұтасатын бөлігіне қошқармүйіз оюының салынуының мәні аса жоғары. Бөрі көне түркілік, яғни исламға дейінгі реликтермен байланысты символ, атрибут болса, қошқармүйіз  «аң стилінің» зооморфтық өрнекке ауысқан исламнан кейінгі, яғни ислам дінінің жан жануарларға қарсы қағидатынан туындаған бейнесі. «Бөрілі байрақ басы» авторлық туынды біздің дәуірімізге дейінгі таным мен біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларындағы танымды тоғыстырады.

      «Бөрілі байрақ басы» туындысы да авторлық құқық патентіне ие болған (№4765, 02.08.2019). 

      «Хан мөрлері», «Бөрілі байрақ басын» қайта жаңғыртудағы автордың негізгі мақсаты - байырғы құндылықты бүгінгі күнге қайта алып келу, бүгінгі және болашақ ұрпаққа байырғы ата-бабаларымыздың мұраларын паш ету.

 

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+