Сайт картасы
қаз

Жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің 75 жасқа толған мерейтойына арналған «Қазақ өнерінің фестивалі» атты апталық өтті

11.10.2017

   Фестиваль аясында Д.Исабековтың ағылшын тілінде «Аққу-Жібек» атты пьесалар жинағы мен электронды нұсқадағы «Әңгімелер жинағының» тұсау кесері Лондонның Лордтар палатасында кесілді. Сондай-ақ,  Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының ұжымы Д.Исабековтің «Жаужүрек» спектаклі мен Кәріс музыкалық комедия театры «Актриса» спектаклін көрсетсе, «Bridewell» театрында «Аққу-Жібек» спектаклінің ағылшын тіліндегі премьерасы болды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өтілгендей қазақ өнері мен мәдениетін, әдебиетін шетелге танытуға байланысты ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың бірі екенін де атап өту керек.

    Осы орайда, 11 қазанда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында Д.Исабековпен шығармашылық кездесу өтті. Кездесуге Академия басшылығы, «Қазақ өнерінің фестивалі» апталығының қатысушылары, оқытушылар мен студенттер қауымы қатысты. Алғашқы сөзді академия ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы алып, Д.Исабековты келе жатқан мерейлі 75 жасымен құттықтады. Ректор өз кезегінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Еуропада мойындалуына жол ашатын мұндай игі бастамалардың еліміздің рухани өмірі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Әрі мәдени апталыққа академиямыз атынан қатысушыларға алғыс білдірді. Д.Исабеков Лондон сапары аясында атқарылған іс-шаралар туралы баяндай келе ұлттық әдебиетіміз бен өнерімізді әлемдік деңгейде насихаттау тек өз қолымызда екендігіне назар аударды. Кездесу барысында «Өнертану» факултетінің деканы Бақыт Нұрпейіс аталған өнер апталығына қолдау білдірген Академия басшылығына алғысын білдіріп, өткізілген шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Кездесуде «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Сәния Қабдиева да Лондонда өткен өнер апталығын қортындылай келе қазақ театр өнері мен әдебиетінің өркендеуіне қолдау керектігін атап өттi.

 

 

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+