Сайт картасы
қаз

«Оазис» фильмі көрермендерге жол тартты

05.02.2018

2018 жылы 2 ақпан күні Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында  "Өнертану" факультеті мен "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубының ұйымдастыруымен  режиссер Бегарыс Елубайдың психологиялық драма жанрында түсірілген "Оазис" атты фильмінің көрсетілімі өтті.

Фильмнің сценарийін жазған   Смағұл Елубаев, Бегарыс Елубаев, қоюшы оператор  Александр Рубанов, суретші  Джалалитдин Ибрагимов, композитор   Әділхан Байысбаев. Басты рольдердіАйдар Асарбай, Әділет Топаев, Сағат Жылгелдиев сынды актерлер сомдаған. Фильм Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында «Asau Art Films» ЖШС қатысуымен түсірілді.

Фильмде өмірге деген көзқарастары бір-біріне ұқсамайтын, мінездері де мүлдем бөлек екі жас жігіттің тағдыры баяндалады. Руслан - ананың мейірімін көрмеген тастанды бала. Полиция қызметкерлерінен қашып жүрген ол өзімен бірге бүкіл әлемді жойып жібермек ойы болады. Алайда шөлді далада ол жүрегінде иманы бар, төңірегіндегілерді махаббат пен мейірімділік нұрына бөлендіріп жүрген Абдолла есімді жігітті кездестіреді. Өзіне қол жұмсамақ болған Русланды құтқарып алса да, Абдолланың өміріне қауіп төнеді.

 «Оазис» фильмінің негізгі түсіру жұмыстары Алматы облысы Шонжа ауылында, сонымен қатар Алматы қаласында жүргізілді. Фильмдегі басты рөлді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер институтының түлегі Айдар Асарбай сомдады.  Сондай-ақ,   «Оазис» фильмі режиссер Бегарс Елубайдың алғашқы жеке жұмысы.  Оған дейін ол режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовпен бірге балаларға арналған «Аңшы бала» фильмін (2012 жылы жарыққа шыққан) түсірген болатын. Аталған туынды көптеген  халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болды.   Голливудта өткен халықаралық кинофестивальде «Шетелдің үздік фильмі», 2012 жылы өткен «Киношок» фестивалі шеңберінде «Киномалышок» байқауында «Үздік фильм» жүлделерін имеденді. Сондай-ақ, Иркутскіде өткен «Байкал жүрегі» халықаралық киносфестивалінде «Балаларға арналған үздік фильм» жүлдесімен марапатталған болатын. 

 

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+