Сайт картасы
қаз

«Иран елінің ұлттық қолөнері » атты көрменің ашылу салтанаты өтті

07.02.2018

2018 жылдың 7 ақпан күні   Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Алматы қаласындағы Иран ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдігі және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен Иран Ислам Республикасы тәуелсіздігінің және Ислам революциясы жеңісінің 39 жылдығы мерейтойына арналған «Иран елінің ұлттық қолөнері » атты көрмесінің  ашылу салтанаты өтті.

Иран Ислам Республикасы – әлемдегі ең көне өркениет ошақтарының бірі, Фирдоуси, Хайям, Саади және Хафиздың Отаны. Иран десе зейінімізде Парсы елінің  салтанатты сәулет өнері, мешіттердің күн түстес күмбездері, көздің жауын алар оюлары мен нақыштары, әсем ыдыс–аяғы мен үй жарақтары, көне сарайлар мен кітап беттерінің қайталанбас миниатюралары, сурет өнері мен қолөнері қылаң беретіні сөзсіз. Иран мәдениеті мен қолөнері әлемдік өнер мұрасы мен жетістіктері айдынында өзіне лайық орны мен құрметін тапқан және өнер сүйер қауым үшін әрқашан асыға күтетін мерекеге айналған. 

Аталған көрмеде Иран қолөнерінің талантты өнерпаздарының, суретшілерінің, миниатюршыларының, көркем жазу және ағаш өнері шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар көркем жазу өнері бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдік басшысы Сейед Джавад Джалали Киясари мырза, Бас консул Хамид Реза Аршади мырза, қазақстандық мәдениеттанушы ғалымдар, өнертанушылар, ұстаздар мен студенттер қатысты.

Көрмеге мозаика, миниатюра, ағаш ою және жазу өнері экспонаттары қойылды.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+