Сайт картасы
қаз

«Жаһандану жағдайындағы дамудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстел Елбасы Жолдауына арналды

09.10.2018

     Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы өнер Ордасы ұжымында айрықша сер­піліс туғызды. Бұл Жолдау бүгінде жоғары білім беру саласында   сапалы білімге басымдық танытып отыр.  Еліміздің бүгінгі қарқынды дамуы нәтижесінде жастарға жасалып жатқан жақсылықтар біздің жан-жақты білім алуымызға, жан-жақты хабардар болуымызға жол ашып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықты күні ертең өз еңбегімізбен қайтаруда үлкен жауапкершік жүктелді.    Қазіргі ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Аталмыш құжат болашақта мәдениет және өнер саласында жоғары білім беру және ғылыми әлеуетін дамытудың жаңа міндеттері мен бағыттарын айқындайтын болмақ. Осы орайда, 2018 жылдың 9 қазан күні Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы және «Нұр Отан» партиясы Медеу  аудандық филиалымен бірлескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5-ші қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының шеңберінде «Жаһандану жағдайындағы дамудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстел өтті.  Жиынның мақсаты – жаһандану жағдайындағы қоғамның рухани және зияткерлік дамуы, құндылықтар мәселесі, қазіргі білім беру мен тәрбие, жаңа бағыттардың дамуы және оны іске асыру жолдарының шешуші факторларын талқылау. Шараға «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы  өкілдері, Академияның профессор-оқытушы құрамы және еліміздің шығармашылық элита өкілдері мен  жетекші ғалымдары қатысты.

      Дөңгелек үстелді жүргізуші модератор Т.Қ. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының  ректоры  міндетін атқарушы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков жаңа Жолдаудың ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып,  жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындаудың негізгі басымдығы бойынша  жан-жақты толық мәлімет жасады. Ол өз сөзінде: «ХХІ ғасыр бәсекеге қабілетті мамандардың заманы деп білетін өнер ұжымы үшін Жолдаудың ІІ тармағындағы бесінші  басымдығында көрсетілген   жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийлері бойынша ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту мәселелері бүгінгі атқарып отырған жұмысымызға сапа жағынан жақсартады деп ойлаймын. Еліміздің баянды болашағы үшін қызмет ету әрқайсымыздың парызымыз! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Өнер саласына бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеумен айналысатын біздің ұжымның профессор-оқытушы қауымы Жолдаудың басым бағыттары негізінде мамандарды даярлайтын болады» – деді.

      Дөңгелек үстел отырысы барысында «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары   Меруерт Мұқанова: «Жолдау жылдағыдай жылдың басында емес, жылдың аяғына қарай жарияланып отыр. Бұл мемлекеттік органдардың  келесі жылға арналған Жолдауда берілген тапсырмалармен сәйкестендіріп бекітуіне және тиісті бағдарламалар мен жоспарларды уақытылы қабылдап, жыл соңында қойылған міндеттердің орындалуын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе, айта кететін болсақ, жастар үшін жасалған тұрғын үй бағдарламасы, бұл жобаға сәйкес 100 шақты жас азамат тұрғын үй алуға қол жеткізді. Келесі жылдың ел ауқымында жастар жылы болып белгіленуі бұл мәселеге тың серпіліс береді деп ойлаймын»,­ - деді   Жолдау  мазмұнына арналған  баяндамасында. 

Сондай-ақ, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Әлия Әлімжанова «Білікті маман, үйлесімді тұлға қалыптастыруда әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің рөлі» атты баяндамасында: «Кафедраның профессор-оқытушы құрамы студенттерге гуманитарлық білім беруде қоғамның рухани- құндылықтар мәселесін және зияткерлік дамуын жаңа бағытта оқытуда Жолдаудың  ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталды.   

Жолдау аясындағы басқосуда Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, профессор Есмұқан Обаев, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бауыржан Байділда,  және тағы басқа бірқатар өнер саласының өкілдері   білім саласы бағытындағы басымдықтарға нақты тоқталып, өз ойларымен бөлісті.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+