Сайт картасы
қаз

Өнер Ордасына қош келдің, студент!

12.10.2018

   Еліміздің  өнер саласындағы ең үздік жоғары оқу орны - өнер академиясы биыл да студенттер қатарын толықтырып, білім нәрімен сусындауға келген талапкерлерді құшақ жая қарсы алды. Өткен аптада өткен жас талапкерлерді  студенттер қатарына қабылдауға арналған дәстүрлі мерекелік кеш ерекше көңіл-күйде өтті.

    Академияның алаңындағы сахнада өткен бұл кеш  – кеше ғана мектеппен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқан 1-курс студентері үшін алғашқы мереке. Студенттерге арнау кешінде бірінші курстықтар Академия алаңында өнер академиясының  жетістіктері мен бастамаларын баяндайтын театрландырылған қойылымдарын  көрсетті. Әсіресе, дәстүрлі өнер факультеті студенттерінің орындауындағы Құрманғазының күйлері мен шырқалған әндері, «Егіздер» гитарада ойнаушы дуэтінің өнерлері жиналған қауымды тәнті етті.

   Академия  Ректорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков өз құттықтауында: «Құрметті студенттер! Баршаңызды жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын. Біздің Академияға биыл өнерлі студент жастар білім алуға келіп отыр. Ендігі кезекте барлығыңызды өнер Ордасының биік мәртебесіне лайықты болуға және еліміздің нағыз патриоты болуға шақырамын. Өз білім ордаларыңызды құрметтеп, болашақта білікті өнер иелері ғана емес, саналы адам болып қалыптасуларыңызды тілеймін», – деп ыстық лебізін білдіріп  1-курс студенттеріне ресми түрде «Студенттік билет» табыстады. Студенттер Академияның бетке ұстар шәкірті болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант етіп, «Жүргенов академиясы» әнін хормен шырқады. Көңілді мереке соңында Академияның жастар ісі комитетінің ұйымдастыруымен  студенттерге арнайы дәмді торт тағамы арнайы тарту етілді.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+