Сайт картасы
қаз

«Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa 2017-2018» Халықаралық балалар шығармашылығы Фестивалі жеңімпаздарының салтанатты ресми марапаттау және көрменің ашылу рәсімі өтті

12.11.2018

12 қарашада Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa 2017-2018» атты Халықаралық  балалар шығармашылығы Фестивалі жеңімпаздарын марапаттау және үздік жұмыстардың көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

«Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» Фестивалі 1990 жылы бастау алып, «Mitsubishi» корпорациясының қоғамдық байланыс жөніндегі комитетінің қолдауымен Жапония Ұлттық ЮНЕСКО Ассоциацияларының Федерациясымен және Азия-Тынық мұхиты аймағы ЮНЕСКО Клубтары және Ассоцияларының Федерациясымен бірлесіп өткізіліп келеді.

Шығармашылық, соның ішінде, сурет –  баланың ішкі дүниетанымын білдірудің тиімді құралы болғандықтан, Фестиваль ұйымдастырушылары «Enikki» -иллюстрациялық  күнделіктер жүргізу идеясын ұсынды. Халықаралық фестивальдің мақсаты - «Бұл - менің өмірім» тақырыбында суретті күнделіктерді жасау арқылы балалар арасында мәдениетаралық түсінушілікті қалыптастыру және сақтау болып табылады. Жобаның алғашқы күнінен бастап 6 мен 12 жас аралығындағы 700 000-нан астам Азия елдерінің жас суретшілері қатысты.

Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы және Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы қолдауымен 10 жыл бойына аталмыш жобаның еліміздегі ұйымдастырушысы болып келеді. Биылғы 13 циклдің сәтті өтуіне Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы да серіктес ретінде өз үлесін қосты.  Азия-Тынық мұхиты аймағының 24 елінен келген «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» қатысушылары өзге елдердің тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Байқау нәтижесінде 2017-2018 жылдардағы айналымның Қазақстандық 8 жеңімпазы анықталды. Жүйріктердің ішінде оқ бойы озып шыққан 12 жасар Убайдулла Сәуле халықаралық әділ-қазылар алқасының шешімімен Гран-При иегері атанды. Ол Шымкент қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО Клубының оқушысы, осы жылдың шілде айында Жапонияда өткен халықаралық марапаттау рәсіміне қатысты. Кеше  Сәуле бастаған жеті жеңімпаз еліміздің түкпір-түкпірінен салтанатты марапаттау салтанатына арнайы келіп және Жапон еліне барған сапары мен ол жақта өзінің алған жүлдесі  жайлы туралы өз әсерлерімен бөліседі. 

Сонымен қатар қонақтар көрмеде көрсетілетін Бангладеш, Бутан, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Корея, Лаос, Малайзия, Мальдивы, Монғолия, Мьянма, Непал, Пәкістан, Сингапур, Қытайлық Тайбей, Тайланд, Тимор-Лесте, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония елдерінен жоба жеңімпаздарының жұмыстарын тамашалауға мүмкіндік алады.

Экспозиция 2018 жылдың 12 – 23 қараша аралығында Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көрермендер назарына ұсынылды.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+