Сайт картасы
қаз

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды

24.11.2018

      24 қараша 2018 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Елбасының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылау үшін арнайы үш өнер жоғары оқу орындарының  басшылары –аталмыш  Академияның ректоры, философия докторы (PhD), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры,  ҚР халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері  Арман Жүдебаев  және өнер саласының зиялы қауым өкілдері бас қосты.  Алқалы жиында Елбасының  мақаласында жазылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын ауқымды жобаны іске асыру төңірегінде мағыналы ойлар айтылды.

     " Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласының негізінде нақты қандай жұмыстар атқаруға болатынын болашақ жоспарларымызды айқындап талқылау  мақсатында өзара Ынтымақтастық Меморандумына қол қойғалы отырмыз. Еліміздің ұлан байтақ жері  мол қазынаға толы әрі бастау бұлағы десек асыра айт­қандық емес. Ал енді ғана жазылған «Ұлы даланың жеті қыры»  мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орынын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз. Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы кеңінен қозғалған. Қазақстан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Елбасының бастамасымен Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келді. Бұған түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылық зиялы қауымын дайындайтын, өзін мойындатқан - қара шаңырақ, Қазақстан Республикасы мен Орталық Азиядағы іргелі жоғары  оқу орындарының бірі болып табылатын Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үлкен үлес қосып келеді, – деп айта келе, – біз Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы Елбасы көрсетіп берген сара жолмен төл мәдениетімізді әлемнің барлық құрлықтарына таныстыру ісіне белсене араласатынымызды мәлімдейміз. Өнер саласы бойынша алдыңғы қатарлы  ұлттық білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар шығару ісін бұдан әрі күшейте беретініміз сөзсіз", – деп  атап өтті Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров.

      Талқылауға қатысқан жиында әйгілі өнер қайраткерлері және тағы басқа алматылық зиялы қауым өкілдері Елбасының мақаласы аясында осынау игі бастамаға атсалысу – баршаның  қастерлі міндеті екенін және қолдау білдіретіндерін жеткізді.     

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+