Сайт картасы
қаз

БЕЛГІЛІ КИНОАКТЕР ЖӘНЕ ТЕАТР АРТИСІ БЕРІК АЙТЖАНОВ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ СТУДЕНТТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

19.03.2019

БЕЛГІЛІ КИНОАКТЕР ЖӘНЕ ТЕАТР АРТИСІ БЕРІК АЙТЖАНОВ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ СТУДЕНТТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

      Биылғы 18 наурызда Әз Наурыз қарсаңында, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ұжымы танымал киноактер және театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құлагер» Ұлттық киносыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті қоры сыйлығының лауреаты Айтжанов Берік Бөшенұлымен кездесті.

                                                          

      Жүздесу Академияның оқу залында студент жастармен арадағы сұхбат түрінде өтті. Әсіресе Асанәлі Әшімов, Асхат Маемиров шеберханаларының студенттері ерекше белсенділік танытып, көкейде жүрген түйіткілдеріне актер тарапынан тұщымды жауап алды. Осы орайда актер өз сөзінде театр өнері мен кино саласының арақатынасына кеңірек тоқталды. «Кино саласында жүріп театрда ойнауды аяқсытып алған едім. Осыдан бірқатар уақыт бұрын Әуезов театрының жаңа басшылығы театрға оралуыма себепкер болды. Ол адам – өздеріңіздің бүгінгі ректорларыңыз, ортамызда отырған Асхат Маемиров. Асхат Максимұлы, мен сол үшін Сізге дән ризамын», – деді актер. Одан әрі Берік Бөшенұлы театрсыз киноөнерінің, актерлік шеберліктің өспейтіндігін, керісінше онда белгілі бір дәрежеде кері кету белгі беретінін атап айтты. Себебі, деп өрбітті ойын өнер майталманы, сен кинода дәл театрдағыдай күнделікті тер төгіп, көсіліп жұмыс істей алмайсың, шарықтау шегіне жетердей сәттер аз болады, ал театрда күнде дайындықтан, тренингтен өтіп, жаттығасың. «Үлкен үзілістен соң театрға келгенде маған алғашқы рөл «Ваня ағай» спектаклінен тиген еді. Мұндағы басты мақсатым шеберлікті көрсету болды. Ал артистің шеберлігі көбінесе спектакльдің режиссеріне байланысты. Осы өреде спектакльді қойған Асхат Максимұлымен екеуіміздің ойымыздың бір жерден шығуы, үндесуі қандай да актер үшін өзінше бір бақыт дер едім».

      Кездесу өнер шеберінің жастардың кино, актерлік шеберлік, отбасы жағдайына байланысты қойған сұрақтарына әзіл-шыны араластыра отырып шынайы, мағыналы жауап беруімен қызықты болды. Осы орайда Берік Бөшенұлы студент жастарға: «Сіздердің әрқайсыңыз осы өнер ордасын таңдағаннан кейін әр сәтті қалт жібермей, тынбай ізденіп, көп оқып, потенциалды тұлға болуға тырысыңыздар. Қашанда армандарыңызға адал болыңыздар, жүректеріңіз не дейді, соған құлақ асыңыздар», – деген тілегін білдірді.

      Одан әрі Өнер академиясы ректоры Асхат Маемиров жақында ғана қылыштай қылшылдаған қырықтың қырқасына шыққан Берік Бөшенұлының өнердегі, өмірдегі жетістіктерін жастарға үлгі ете отырып, қадірлі қонақты 15-наурызда толған бір жасымен құттықтап, қазақы салтпен иығына шапан жауып, ұжым атынан сый-сияпат көрсетті.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+