Сайт картасы
қаз

НҰРКЕННІҢ НҰРЛЫ ЖЕҢІСІ

20.03.2019

НҰРКЕННІҢ НҰРЛЫ ЖЕҢІСІ     

       Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал факультетінің 4-курс студенті Нұ ркен Масақбай биылғы 2019 жылғы 14-18 наурыз аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Путь к звёздам» IX Эстрадалық ән орындаушыларының халықаралық конкурсының лауреаты атанды. Ол 18-23 жастағы әншілер номинациясы бойынша бірінші жүлдеге ие болды. 
Бұл байқау жыл сайын эстрадалық вокал жанрын одан әрі дамыту, әншілердің орындау шеберлігін және репертуарының көркемдік деңгейін арттыру, жас орындаушыларға қолдау жасау, талантты жастарды іздеп табу және эстрадалық ән жанрында жемісті еңбек етіп жүрген ұстаз-мамандарды қолдау мақсатында өткізіледі. Жюри төрайымы – Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор Татьяна Георгиевна Тамашевская. Жеті адамнан тұратын халықаралық әділқазылар құрамына португалиялық Нуно Фигейра, румыниялық Флориана-Даниэла Попеску, эстониялық Айта  Каавер, болгариялық Таня Точева, қазақстандық Қарлығаш Әбдікәрімова сияқты мамандар, мальталық Кая, израилдық Беата Фельдман сияқты танымал әншілер кірген халықаралық конкурсқа он екі елден жалпы саны 61 өнерпаз қатысты. 
Үш кезеңнен тұратын байқау барысында Нұ ркен бірінші турда «Алаш ұлы» тобы репертуарынан «Батырлар ұраны» әнін, екінші кезеңде атақты Queen тобының Weare The champions композициясын және ақтық сында ағылшын тіліндегі әлемдік хит One republic love runs out әнін а каппелламен шырқады. Осылайша байқауға ұтымды репертуар әзірлеп алып бару Нүркеннің табысқа жетуінің бір сыры болды. Екіншіден, дейді жас әншінің өзі, менің топ жарып, жүлделі орыннан көрінуім ұстазым – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Люция Қажығалиқызы Төлешованың тікелей арқасы. 
Шалғайдан жүлдемен оралған жас әнші мен ұстазын Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Максимұлы Маемиров арнайы қабылдап, табысымен құттықтай келіп, сый-сияпат жасады. «Додалы өнер байрағына алғаш рет қатысып, бірінші орын алу – сенің әнші ретіндегі мол әлеуетіңді танытады, дегенмен табысқа масайрамай, алдағы асқаралы асуларға тыңғылықты әзірлене беру лазым»,  – деген тілегін жеткізді ректор.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+