Сайт картасы
қаз

Академия ректоры Асхат Маемиров Жүрсін Ермановқа «Құрметті Профессор» атағын табыстады

12.04.2019

Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәстүрлі «Ашық есік күні» аясындағы шараға қонақ ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі үшін» атағының игері, «Азияның үздік актрисасы» Самал Еслямова құрметті қонағы ретінде қатысып, құттықтап сөз сөйледі.

         «Ұлттық өнер» факультетінде ашылғалы жатқан «Айтыскер ақын» мамандығы бойынша курс қабылдайтын ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Ерманов арнайы шақырылып, Академия ректоры Асхат Маемиров дүйім жұрттың алдында айтыс майталманына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы академиялық ғылыми кеңестің шешімімен Ерманов Жүрсін Молдашұлына «Құрметті профессор» атағы берілгендігін хабарлап, куәлігін табыстады.

         Жүрсін Ерманов өз сөзінде: «Бір кездері өзіміз тәлім алған Қазақ Ұлттық өнер академиясы ғимаратына келіп, осындай құтты күні тосын сыйға ие болып тұрмын. Бұл менің ұзақ жылғы еңбегіме жасалған қошемет деп ойлаймын. Қазір ғана жаңадан ашылып жатқан «Айтыскер ақын» мамандығына оқуға келгісі келетін талапкерлерді тыңдап жатырмыз. Ел іші қазына. Әрине, талантты балалар бар. Қазылар алқасы атынан осы жастардың арасынан қазақ өнерінің туын көкке көтерер таланттар шығарына кәміл сенеміз. Елден келген балалар өнерін танытып жатыр. Ашық есік күнінде Академия табалдырығын аттағысы келетін талапкерлердің барлығына табыс тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың көшін алға сүйрейтін нағыз мамандары болыңдар. Жаңа буын, жас қауым, бақтарың ашылсын. Өнер академиясы ректорынан бастап барлық ұжымына жемісті еңбек тілеймін. Біздің болашағымыз сіздердің қолдарыңызда, жеңіске жете беріңіздер»,– деп ыстық ықыласын білдірді.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+