Сайт картасы
қаз

Өнер қайраткерлері кезектен тыс сайлауды тарихи қажеттілік деп санайды

10.04.2019

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында жиын өтіп, онда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты мәселелер сөз болды.

Еске сала кетсек, 9 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін жариялаған еді. Еліміз үшін аса маңызды саяси оқиғаны өнер қайраткерлері тарихи шешім ретінде қарастырып отыр. Осыған орай жиын барысында сөз сөйлеген Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілуінің артықшылықтарына тоқталды.

«Соңғы бір айдың ішінде елімізде аса маңызды екі үлкен оқиға орын алды - Елбасы Н.Назарбаев Президенттік өкілетін Сенат спикеріне табыстады, көп ұзамай жаңа ел Президенті кезектен тыс сайлау өтетінін жариялап отыр. Осының өзі мерзімінен бұрын сайлау өткізу тарихи қажеттілік екендігін танытады. Осы арқылы биліктің ауысуындағы сабақтастық сақталып, белгісіздік жағдайы жойылмақ. Мұның өзі қоғамда орнықтылықты, елде келісімді сақтау үшін, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін аса қажет қадам», - деді Асхат Маемиров.

Оның айтуынша, мәдениет саласы үшін де бұл шешімнің орны айрықша. Өйткені, қазіргі заманда экономика мәдениетпен тығыз қабысып отыр. Ал биліктің ауысуындағы сабақтастық, қоғамдық орнықтылық мәдени реформаларды аяғына дейін жеткізуге, ірі мәдени жобаларды жүзеге асыруға және мемлекеттік білім беру бағдарламаларын қамтамасыз етуге жол ашады. 

«Осы тұрғыдан алғанда біздің ойымызша, бұндай шешім ел өмірінде жаңа кезеңді бастап береді. Ашық, әділ сайлау өткізу өміріміздің барлық саласына серпін берумен қатар әрқандай проблеманы шешуде баламалы көзқарас қалыптастыруға, билік тармақтарын өзара теңестіруге алып келеді деп ойлаймын. Сондықтан өнер мен мәдениет саласында жүрген баршаңызды алда болатын сайлауға бір кісідей атсалысуға шақырамын», - деді ректор.

Бұдан бөлек, жиын барысында Корей республикалық музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни да кезектен тыс сайлаудың маңызына тоқталды.

«Қытай халқында өтпелі кезеңде өмір сүрудің қиындығы жайлы тәмсіл сөз бар. Мен соны өзгертіңкіреп, біз әрқилы тарихи оқиғалар қабаттаса келіп жатқан дәуірде өмір сүргеніміз үшін бақыттымыз дегім келеді. Жалпы кезектен тыс сайлау өткізу дегеннің өзі ел басшылығының орнықтылыққа ұмтылуын білдірсе керек. Сондықтан мәдениет пен өнер саласының өкілдері ретінде елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін және бір қадам жасаймыз деп ойлаймын»,  - деді Любовь Ни.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+