Сайт картасы
қаз

Ұлы Даланың Ұлық мерекесі – Ұлттық өнер академиясында

22.04.2019

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ректоры Асхат Маемировтың бастамасымен, Академия ұжымының ұйымдастыруымен 2019 жылғы 21 сәуірде «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» атты мерекелік шарасы өтті.

         Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған, бір топ еліміздің өнер майталмандары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары мен өнер мекемелерінің басшылары бас қосқан шара шымылдығы Академияның «Театр өнері», «Эстрада өнері» «Ұлттық өнер» факультеттері және «Astana Musical» театрының артистерінің Наурыз мерекесіне орай салт-дәстүрді насихаттайтын театрландырылған көрінісімен бастау алды.

         Кіріспе сөз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына берілді. Арнайы қонақ мерекеге жиылғандарға: «Құрметті ағайын, төл мерекеміз Әз наурыздың бүгін тойланып жатқандығының өзіндік ерекшелігі бар. Асхат Маемиров бауырымыз бәріміздің басымызды қосып, үлкен мереке өткізіп отыр. Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтау үшін еліміздің алдыңғы толқындары, мақтаныштары, жарық жұлдыздары, қазақ өнерінің қаймақтары жиылып отыр. Әрине Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясындай өнер ордасында осындай жоғары деңгейдегі үлкен шараның өтуі заңдылық. Барлықтарыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Үлкен жетістіктер, үлкен армандар орындала берсін» - деген жүрек жарды тілегін арнады.

Одан соң сөз алған Академия ректоры Асхат Максимұлы биылғы Наурыз мерекесінің Академияда жаңаша форматта, сондай-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының шеңберінде өтіп отырғандығын сөз ете келе жиылғандарға: «Еліміздің ең басты құндылығы ол – Тәуелсіздік. Халықтың бірлігі, елдігі, ел ішіндегі келісім. Сондықтан осы Ұлы құндылық біздің елімізде мәңгілік салтанат құрсын» деген рухты ниетін білдіре келе биылғы наурызды тойлауды Арыстанбек Мұхамедиұлының ел үшін Наурызды тойлау жөніндегі республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Абай.кз» басылымдарындағы «Наурызға – жаңа көзқарас» мақаласын арқау еткендігін жасырмады. Мақаладағы «Наурызға әбден жаттанды болған шапан мен камзолдың орнына әркім өзіне жарасатындай, сән-салтанатымен, мақтанышпен киетіндей заманауи үлгімен киініп, ысырапқа жол бермеу. Сондай-ақ басты құндылығымыз – бүлдіршіндерді қуанту». Осыған орай ортаға Алматыдағы № 1 балалар үйінің балғындары шақырылып, Академия ұжымы атынан балаларға киім-кешек, тәттілер мен ойыншықтар тарту етілді.

         Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, абыз актер Сәбит Оразбаев сыйлықтарға ие болған бүлдіршіндерді және Академияның студенттері, қызметкерлерін мерекемен құттықтап, кезінде Дінмұхамед Қонаевтың өзі отырған киелі шаңырақтан түлеп ұшар жастарға ақ батасын берді.

         Мерекеге Қазақстанның еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Сәбит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы драматург Дулат Исабеков, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстан Республикасының халық артисі Лаки Константинович Кесоглу, өнер майталмандары Сатыбалды Нарымбетов, Смағұл Елубай, Нұрғали Нүсіпжанов, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіқалықов, Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның директоры Асқар Бөрібаев, Чайковский атындағы музыкалық колледждің директоры Біржан Хасанғалиев, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының директоры Ая Қалиева, «Астана опера» театрының бас директоры Ғалым Ахмедьяров және мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер кайраткері Ескен Сергебаев, Бақыт Қайырбеков сынды ел ағалары қатысты.

         Одан әрі Наурыз тойы тұсаукесер рәсімі, үйлену тойының рәсіміне ұласып, бөбектің тұсауын Арыстанбек Мұхамедиұлы кесіп, Наурыз қарсаңында бас қосқан жүргеновтік шәкірттерге қазақ өнерінің корефейі Асанәлі Әшімов батасын берді.

         Осылайша жүргеновтіктер Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа үлгісін ұсынып, мерекенің сәйкес қазақы атрибуттарын мейілінше қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізді.

         Мереке соңы салт-дәстүрлерімізді насихаттайтын театрландырылған көріністер мен МузАРТ, Кешью тобы бастаған танымал шеберлердің өнеріне ұласып, ұлттық ойындармен айшықталды.

Барлық фотосуреттерді сайтымыздың фотогалереясынан көре аласыздар.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+