Сайт картасы
қаз

Академияда «Әулие аналар» атты әдеби-шығармашылық кездесу өтті

24.04.2019

Академияда «Әулие аналар» атты әдеби-шығармашылық кездесу өтті

      Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы кітапханасының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Қонақбайқызы Бейсеновамен «Әулие аналар» атты әдеби-шығармашылық кездесу өтті.

      Шараға академия ректоры Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Максимұлы Маемиров қатысып алғы сөзін айтты: «Шәрбану Бейсенова – қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан, жазушы, журналист. Ер азаматтар көтеретін жүкті көтеріп отырған, әйел азаматың бірі сізсіз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде «Ұлы дала арулары» атты кітаптың тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Болашақ актриса аруларымызға ұрпақ тәрбиесін дәріптей аласыз. Бүгінгі кездесу студенттер үшін айрықша күн, ерекше кездесу ретінде естерінде қалады деп ойлаймын» - деді.

      Шараны өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жөніндегі проректоры Шәріпбек Ағабайұлы Әмірбеков жүргізді.

      Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Шәрбану Қонақбайқызының шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Қаламгердің «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Мизамшуақ», «Сүзгенің соңғы күндері» сынды шығармалар жинағы көзіқарақты талай жанның көкейіне сіңді.

      Айта кетейік, Шәрбану Бейсенова кездуге өзінің баспадан жақында ғана жарық көрген Бразилиялық жазушы Жоржи Амаду «Құм жағалаудың капитандары» атты аударма жинағы мен жары, көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың үш томдық шығармалар жинаған және де түрік тіліне тәржімаланған «Сүзге ханым мен Бозоқ сұлуы» атты жинаған академия кітапханасына тарту етті.

      Өмірлік серігі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сыншы Сағат Әшімбаевпен бірге кешкен сәулелі ғұмыры туралы сырт шерткен жазушы студенттердің барлық сұрағына риясыз жауап беріп, кездесуді ұйымдастырушылар мен тыңдаушыларға алғысын айтты.

      Кездесу барысында Шәрбану Бейсенованың шығармашылығы туралы Балдырған журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов ой-пікірін білдіріп,  «Сахна пластикасы» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Аман Бекенұлы Құлбаев, «Өнертану» факультетінің 1 курс студенті Бакберген Сағыныш  Сүйінбике мен Сүзге секілді алаш аруларының  тағдыр тәлкегін  қаламынан туындаған жыр жолдарымен әсерлі жеткізді.

      Ұлт әдебиетінде өзіндік өрнегі бар нәзікжандылардың бірі һәм бірегейі – Шәрбану Бейсеновамен кездесу жас буынға рухани азық болғаны ақиқат.

      Сондай-ақ, Академия ректоры Асхат Максимұлының қабылдауында болған жазушы өнер ордасына өз ризашылығын білдіріп, тың туындыларын тарту етті.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+