Сайт картасы
қаз

Академия басшылығы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті студенттерімен кездесті

15.05.2019

         Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының  «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінде "Шет тілдер жəне Қазақстан халқы ассамблеясы" кафедрасы мен "Дизайн" кафедрасының бірігіп ұйымдастырған шара өтті. Аталған факультеттің «Сәулет дизайны», «Өндірістік дизайн» және «Жарнама графикасы» 1,2,3 - курс студенттерімен академияның тәрбие ісі жөніндегі проректоры А.Ә.Шомановпен халықаралық қатынастар және шығармашылық істер жөніндегі проректор С.Қ.Майғазиевпен кездесу өтті.

         Германияның Аахен қаласындағы Қолданбалы Өнер академиясының «Дизайн» факультетімен біздің академия арасында тығыз байланыс орнаған. 2016 жылдан бастап «өзара алмасу-академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында Ааахен Университетіне бізден 24 студент барып келді. Оның 14-і «Ерасмус+» бағдарламасы негізінде, 10-ы «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша барды. Сол себептен, біздің академияның аталған факультетінің студенттері  шет тілі ретінде неміс тілінен дәріс алады.

         Өткен кездесуге студенттер неміс тілінде бағдарлама дайындап ұсынды. «Жарнама графикасы» 1-курс студенттері И.Ф.Гетенің «Фауст» шығармасы бойынша неміс тілінде қысқаша мағлұмат берсе, 2-курс «Сәулет дизайны» және «Өндірістік дизайн» студенттері өздерінің мамандықтары жайлы неміс тілінде баяндап берді. Үстіміздегі жылдың 1-мамыры қазақтың ұлы ақыны Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толды. Ақынның «Құлагер» шығармасы неміс тіліне аударылып және сұраныстың көптігіне байланысты неміс тілінде аудио-диск түрінде жарық көрді. Осыған орай кездесуде «Өндірістік дизайн» 1 және 2-курс студенттері  «Құлагер» поэмасы жайлы неміс тілінде презентация жасап, «Құлагер» поэмасынан неміс тілінде үзінділер оқыды. Поэманы неміс тіліне аударған белгілі неміс ақыны, драматург Герд Хайденрайх.

         Кездесудің екінші бөлімінде студенттер басшылыққа өздерінің сұрақтары мен өтініштерін айтып, ойларымен бөлісті. Кездесу екі жаққа да тиімді, пайдалы ойлар мен пікір, ұсыныстарға толы болды.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+