Сайт картасы
қаз

Батырхан Шүкеновті еске алу

16.05.2019

Батырхан Шүкеновті еске алу

      Биылғы 15 мамырда Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында эстрада өнері факультеті студенттерінің ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті. Егер тірі болғанда Батырхан 18 мамырда 57 жасқа толар еді.

      Өнерпаздың өмір жолын баяндайтын, сағыныш сазына толы шараның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Толқын Забированың шәкірттері Батырханның репертуарындағы «Отан ана» әнімен ашты.

      Одан соң эстрада өнері факультеті студенттерінің орындауында әншінің репертуарынан «Сағым дүние», «Қайран көңіл-ай», «Не уходи далеко», «Письмо души», «Легенда о любви», «Стань моей молитвой», «Забытый», «Гавань моей любви», «Fashion girl», «Твои шаги», «Грешная страсть», «Нелюбимая», «Улетаю», «Любовь река», «Дождь», «Джулия» әндері шырқалды.

      Кешке Батырханның ағасы Бауыржан Шүкенов және Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қордың директоры Олжас Байқанов қатысты.

      Еске алу кешіндегі әндерді Толқын Қалиқызы Батырдың рухына арналған әнімен түйіндеді. Одан кейін Академия ұстазы эстрада өнері факультеті студенттерінің жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында қоятын есеп беру концерті биыл өз қалыбын өзгерткендігін, яғни ол дәстүрдегідей Жеңіс тақырыбына емес, Батырхан Шүкеновтың рухына тағзым етуге арналғандығын жеткізді. Бұл жолғы еске алу кешін де студенттер өздігінен ұйымдасып, репертуар түзіп, дайындық жасап, әзірлеген. Толқын Қалиқызы шәкірттеріне осы үшін де алғыс білдірді.

      Одан әрі сөз алған әншінің ағасы Бауыржан Шүкенов Батырдың ән өнерінде өзгеге ұқсамайтын талғамы, қолтаңбасы болғандығын айта келіп, інісінің репертуарындағы күрделі әндерді шама-шарқынша орындап шыққан жастарға ризашылығын білдіріп, өнер жолында табыс тіледі.

      Кешке жиналғандар мезгілсіз ажал арамыздан жұлып әкеткен жайсаң таланттың жаны жәннатта, иманы жолдас болуын тілеп, «Батыр, сенің жарқын бейнең жүрегімізде әрдайым сақталады!» деп тарқасты.

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+