Сайт картасы
қаз

Ұмытылмас үш күн

27.05.2019

         Биылғы 19-22 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына - 2019» фестивалі болып өтті. Шара 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесіне орайластырылды. Ұйымдастырушылар — ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы.

         Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мәдениет саласындағы үздік ұйымдар мен қызметкерлерді анықтап, мамандардың біліктілігін көтеріп, өзара тәжірибе алмасуды көздеген бұл шараға  барлығы 500-ге жуық мәдениет саласы қызметкерлері қатысты.

         Фестиваль бағдарламасына сәйкес кітапхана, музей қызметі, мәдени ойын-сауық және баспасөз қызметі салалары бойынша шеберлік сыныптары, дәрістер, пікірталастар өткізілді.

         21 мамырда ҚР Ұлттық музейінде өткен фестивалдің ашылу салтанатынан соң мәдениет ұйымдарының баспасөз қызметі мамандары  «Астана Операда» жиналып, осы ұйымның баспасөз қызметі әзірлеген ашық шеберлік сабағына  қатысып, баспасөз қызметін ұйымдастыру, мәдениет мекемелеріндегі PR қызметі төңірегінде пікір алысты. Қатысушыларға «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяровтың атынан сертификат табысталды.

         Кейінгі екі күнде ҚР Ұлттық музейінде халықаралық деңгейдегі SMM жаттықтырушы Рахиля Рузахунова мен PR маманы Ақбота Орынбаева, Беркінбаев Олжас сынды мамандардың шеберлік сыныптары өтті.

         Үш күндік семинарды қорытындылаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Баспасөз қызметінің жетекшісі Айдар Қырықбайұлы республикалық «Рухани қазына — 2019» фестивалі аясында өткен байқауға ақпараттық қолдау көрсеткен үздік баспасөз қызметі мамандарына Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хатын тапсырды. 

         Осы үш күндік ашық шеберлік сыныбына қатысып, арнайы сертификатқа ие болып, Министрдің Алғыс хатымен марапатталған Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметінің маманы Гүлмира Асылбекқызының пікірінше, баспасөз қызметі саласында еңбек етіп жүргендер үшін осы саладағы белгілі мамандармен, әріптестермен жүзбе-жүз көрісіп, пікір алмасуға мүмкіндік туғызатын мұндай шаралар өте пайдалы. «Осындай креативті шараларды өткізу алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдеміз. Баспасөз қызметі мамандары үшін үш күндік ашық семинар өткізген мәдениет министрлігі қызметкерлеріне дән ризамыз», —  семинарға қатысушылардың ортақ ойы осындай болды. 

 

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

өнер академиясының баспасөз қызметі

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+