Сайт картасы
қаз

Арыстардың рухына Академия студенттері тағзым етті

27.05.2019

      Қасиетті Рамазан айында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров Академия студенттерімен ғұмырын ұлт руханиятына арнаған ұлылардың зиратына барып, құран бағыштады.
      Атап айтсақ, атағы жер жүзіне әйгілі әнші, халқының көлдей алғысы мен сүйіспеншілігіне бөленген Әміре Қашаубаевтың, Ұлы жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, қаламынан тек драмалық шығармалары 30-дан аса, жеке пьесалары 50-ден асатын Мұхтар Әуезовтің, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың, қазақ ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі, актер, Қалыбек Қуанышбаевтың, Қазақстанның халық артисі, қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды артист, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың, Қазақ АКСР-інің халық артисі, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, актер Өмірзақов Елубайдың, Қазақстанның халық артисі, қазақ театрының іргесін қаласқан өнер саңлақтарының бірі актер, Қапан Бадыровтың, қасиетті қазақ елінің інжу-маржанын теріп, табиғи өнерді көш ілгері дамытқан, өзінің аз ғұмырында батыс үлгісіндегі классикалық қазақ музыкасының негізін қалаған қайраткер, жаңашыл композитор, білімді дирижер Мұқан Төлебаевтың, қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі Күләш Бәйсейітованың, қазақтың әйгілі актері, режиссер, КСРО халық артисті Шәкен Аймановтың рухтарына тағзым етті.
Сонымен қатар, Академия студенттері ұлылардың жатқан жеріне тазалау жұмыстарын жүргізді. «Ұлт болып ұйысу жолында ұлыларыңды ұлықта, ұлылыққа бастар ұлағатыңды ешқашан ұмытпа!» - деген рухты сөзді негізге алып, ұлылардың өмір жолы туралы Академия ректорының айтқан әңгімелерінен рухтанып, жүректеріне ізгілік сәулесі төгіліп келді.

      Әділғазы Бақытұлы

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+