Сайт картасы
қаз

Жүргенов Академиясы ұжымы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

03.06.2019

Жүргенов Академиясы ұжымы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

      31 мамыр – бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Бүгін Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимараты алаңында Академия ұжымы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасын өткізді.

      Оған Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, қызылордалық Сәпен Аңсатов және Темірбек Жүргеновтың туыстары қатысты.

      Шара барысында Академия ректоры Асхат Маемиров 31 мамыр, 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғандығын атап өте келіп: «Ұлттық Өнер Академиясы Темірбек атамыздың атында. Бұл шаңырақтың әрбір бұрышында атамыздың басқан ізі жатыр, – деді ол. – Бүгін Академия ғимаратының фойесінде Темірбек Жүргеновтің өмір жолын көрсететін және оған арналған фотосуреттердің, бейнелеу өнері туындыларының көрмесі ашылды. Біздің ұстаздарымыздың, студенттеріміздің жүрегінде оның есімі ерекше орын алады.

      Биыл мемлекеттік жоғары оқу орындарының арасында өткен ұлттық рейтинг бойынша біздің Академия жетінші орынға табан тіреді. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш. Біздің мұратымыз – Темірбек атамыздың атына лайық ұрпақ, маман тәрбиелеу.

      Абай атындағы ұлттық опера және балет театрының ашылуы және 1934 жылы тарихымызда алғаш рет республикалық өнерпаздар слетінің ұйымдастырылуы, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің он күндігі дәл Жүргенов есімімен байланысты. Мәскеу сахнасынан қазақтың алғашқы опералық інжу-маржандары – «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» шашылған кезде Сталин таң қалып: «Мынадай фольклоры, бай музыкалық мұрасы, этнографиясы, әдебиеті бар халық АССР емес, СССР болуға лайық» деген екен. Осылайша, 1936 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстанның дербес республика болуына Темкең кесек үлес қосқан деуге әбден болады», – дей келіп, ректор одан әрі өзі жиі әңгімелесіп тұратын ҚР халық артисі, қазір Бішкек қаласында тұрып жатқан Елбасы президент степендиясының иегері, 103 жастағы Айша Абуллина естелігінен айта кетті. «Бүгінде мемлекет тарапынан Темірбек атамызға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Әлі де көрсетіле бермек. Елдік пен бірлікті ту етіп, бабалар аманатын қорғап, Жүргенов атын шығарар ұрпақтарымыз көп болсын», – деген жүрекжарды тілекпен аяқтады өз сөзін ректор мырза.

      Сөз тізгіні Қызылорда қаласындағы Т. Жүргенов қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатовқа тиді: «Бүгінгі ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қасиетті ораза айының жұма күні болумен бірге қасиетті рамазан айының жұмасына, соның ішінде Қадір түніне орайлас келіп отыр. Дұға-тілектеріңізді Алла қабыл еткей. Алаш арыстарының мәңгілік мекен тапқан жерлерінде жандары жайлы, топырақтары торқа болғай», – дей келіп Сәпен ағамыз Ұлттық өнер академиясына Т.Жүргеновтың есімінің берілуін сәтті шешім деп тапты: «Бүгінде еліміздің қай түкпіріне барсақ та алдымыздан «Мен Жүргенов академиясын бітіргенмін» деп өнер майталмандары шығады».

      Бұдан кейін Темірбек Жүргеновтың туыстары атынан Сәбит Иманғалиев сөз алды. Ол биыл Академияға Жүргенов аты берілгеніне 30 жыл толып отырғанын еске салды. Осыған орай ол бұл айтулы датаны атап өтуді ұсынды.

      Шара соңында жиналғандар Темірбек Жүргенов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, арнайы жайылған дастарханда құрбандар рухына құран бағыштап, дәм татты.

 

Т. Жүргенов атындағы

ҚазҰӨА-ның баспасөз қызметі

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+