Сайт картасы
қаз

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ АКАДЕМИЯ ОҚЫТУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

03.06.2019

      Биылғы 31 мамырда Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Мәжіліс алдында Академияның Асанәлі Әшімов, Смағұл Елубай бастаған Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы және Академия ректоры Асхат Маемиров Қазақстанның өнері мен мәдениетіне, білім саласына қосқан үлестері үшін бірқатар Академия оқытушыларын марапаттады.

      Атап айтар болсақ, Хореография факультетінің аға оқытушысы Гүлмира Ғаббасоваға және Кескіндеме, мүсін және дизайн факультеті Көркемсурет кафедрасының доценті Мұжамеджан Сүлейменовке ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды.

      Сондай-ақ жиналғандар Дизайн кафедрасының профессоры, п.ғ.к., Қазақстан Дизайнерлер одағының президенті Қамбарбек Көшенов Ресей Жаратылыстану академиясының «Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы берілуімен құттықтады.

      Ағымдағы жылғы 20-22 мамыр аралығында Мәскеу қаласында «Ғылыми және педагогикалық кадрларды аттестациялаудың халықаралық жүйесі» атты ғылыми-практикалық конференция аясында Ресей Жаратылыстану академиясының (Халықаралық ғалымдар, оқытушылар және мамандар қауымдастығы) Құрметті ғылым докторларын (Honor Doctor немесе Honor degree немесе Doctor honoris causa) сайлау қорытындысы бойынша осындай Құрметті атақ п.ғ.к., Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның Дизайн кафедрасының профессоры Қамбарбек Көшеновке берілді.

      Құрметті доктор атағы (Doctor of science, honoris causa) жоғары оқу орындары, академиялар немесе Білім министрлігі тарапынан оқу курсына қатыспай және міндетті талаптарды ескерусіз (жарияланымдар, қорғау және т.б. бойынша), өз саласында айтулы табыстарға қол жеткізген және қандайда бір білім саласында танымал болған адамдарға (өнер қайраткерлеріне, заңгерлерге, жазушылар мен ақындарға, суретшілерге және т.б.) беріледі. Мұндай адамдар әлемнің көптеген елдеріндегі үздік жоғары оқу орындарында сабақ беруге шақырылады және дәріс оқиды.

      Академия ректоры Асхат Максимұлы Қамбарбек Сапашұлын ғылыми және ұстаздық еңбегінің ресейлік әріптестері тарапынан танылуымен, сондай-ақ Гүлмира Надымқызы және Мұжамеджан Шадыханұлын мәдениет саласының үздіктері атанған шын жүректен құттықтап, жаңа ғылыми-шығармашылық табыстар, зор денсаулық тіледі.

 

Т. Жүргенов атындағы

ҚазҰӨА-ның баспасөз қызметі

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+