Сайт картасы
қаз

Академияға жаңа ректор тағайындалды

30.08.2019

Академияға жаңа ректор тағайындалды

      ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың 2019 жылғы 28 тамыздағы №173 - ж/к бұйрығына сәйкес және "Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы" республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры лауазымына 2019 жылдың 29 тамызынан бастап Абдуалиев Ақан Жылқышыбайұлы тағайындалды.

      Сондай-ақ, осыған дейінгі Академия ректоры лауазымын абыроймен атқарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы (PhD), "Болашақ" Президент стипендиясының иегері, Асхат Максимұлы Маемиров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ректоры қызметінен босатылды.

      Жаңа Академия ректорын ұжымға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дауешов таныстырды.

      Ақан Абдуалиев 1975 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылында туған.

2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын халық әні мамандығы бойынша әнші, оқытушы;

2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген.

      Еңбек жолын Талдықорған қаласында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке орындаушысы болып бастаған.
Ақан Жылқышыбайұлы саналы ғұмырын өнер саласына арнаған азамат. Ол Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әнші, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада – цирк колледжінде, Құрманғазы атындағы ҚҰК ұстаздық қызметтер атқарып, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы музыка факультетінің «Дәстүрлі музыка орындаушылық» кафедрасының меңгеруші қызметін атқарды.

2008-2009 ж.ж. А.Жұбанов атындағы ҚОМММИ директорының музыка ісі жөніндегі орынбасары. 

2009-2015 ж.ж. А. Жұбанов атындағы РҚМММИ директоры қызметін атқарды.

2015-2016 ж.ж. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры.

2016 жылдың маусым айынан - Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болған. 

2018 жылдан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

      2003 жылы «Ағама сыр» лирикалық өлеңдер жинағы, 2004 жылы «Ғасырлар үні», 2008 жылы «Жетісу ақындарының жыр сарындары» атты ноталық үлгімен ғылыми зарттеулерінің авторы.

      2004 жылы «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» диск альбомы жарық көрді. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «50 Батырлар дастаны» т.б. антологиялық дисклер жинағы редақция алқасының мүшесі.
Қазақтың ән, жыр, күй, терме-толғауларын насихаттау барысында «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Алтыбақан» «Жетісаз» «Ауылдың алты ауызы» т.с.с хабарларға қатысты. «Қазақтың 100 әні», «Телқоңыр» музыкалы танымдық хабарларының жүргізушісі әрі авторы. Сонымен қатар «Інжу маржан», «Мәңгілік сарын», «Астана арқау» дәстүрлі музыка фестивалдарының ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, 
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгі, бірнеше мерекелік медальдардың иегері.

      Жиын барысында Академия ұжымының аға буын өкілдері азғантай уақыттың ішінде академияның әлемдік, халықаралық дәрежедегі басқа университеттермен байланысын нығайту, «Ұлттық өнер» факультетін ашу сыңды көптеген істерді тыңдыра білгенін тілге тиек етіп, Асхат Максимұлына алғыстарын білдіріп, жаңа қызметте сәттіліктер тілеп, иығына шапан жауып құрметпен шығарып салды.

 

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+