Сайт картасы
қаз

Бүгін Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұжымы 1 қыркүйек – Білім күнін қарсы алды

01.09.2019

Бүгін Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұжымы 1 қыркүйек – Білім күнін қарсы алды

      Бүгін Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұжымы 1 қыркүйек – Білім күнін қарсы алды.

      ҚазҰӨА еліміз бойынша сұранысқа ие өнер мамандарын даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын, өнердің барлық бағыттарында және 5 деңгейлі (мектеп-интернат, колледж, бакалавриат, магистратура, PhD докторантура) білім беретін көшбасшы өнер жоғары оқу орындарының бірі. 
Биыл талапкерлер қашанғыдай академия есігін үш сатылы жүйе бойынша PhD докторантурасына, магистратураға және бакалавриятқа бөлінген мемлекеттік гранттар иегерлері ретінде ашып отыр.

      Білім күніне арналған, академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысқан мерекелік шараны ректор Ақан Әбдуәлі құттықтау сөзбен ашты. 

      Өздеріңізге белгілі, Елбасы жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды мемлекеттік саясаттың маңызды ұстанымдарының бірі ретінде қарап, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады.
Академияның жаңадан тағайындалған басшысы Ақан Жылқышыбайұлы жиналғандарды Білім күнімен құттықтай келе: «Бүгінгі күн бала тәрбиелеп отырған әр адамның өміріне қатысы бар ерекше күн және бұл еліміз жаңадан қадам басқан жаңа реформалар дәуірінің алғашқы Білім күні ретінде де есте қалмақ, – деп атап көрсетті. – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне, сіздердің сапалы білімге ие болып, азамат болып қалыптасуларыңызды ерекше назарға алып отыр. Қашаннан мәлім қағида – еліміздің болашағы алтын ресурсымыз сіздердің, яғни жастардың қолында. Сондықтан да сапалы білім, кәсіби дағды, машық алу үшін талмай іздену, өнер қайраткері ғана емес, еліміздің тыныс-тіршілігіне дем беріп отыратын тұлға болып қалыптасу сіздер үшін маңызды міндет». 

      Одан кейін жиналғандарға, соның ішінде оқуға жаңадан түскендерге академияның проректорлары мен декандары таныстырылды. 
Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның халық артисі Есмұқан Обаев пен профессор Дариға Тұранқұлқызы ұжымды және студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сәт сапар тіледі. 

      Соңында академия студенттері өнер көрсетті. Соның ішінде Халықаралық конкурстардың лауреаты және «Жұлдызды жекпе-жек» телевизиялық шоуының жеңімпазы Динара Сұлтан, «Славян базары – 2019» Халықаралық ән байқауының Гран-при жүлдегері Әділхан Макин, жуырда Литвада өткен «Паланга -2019» XV Халықаралық әншілер байқауынан Гран-при жүлдесімен оралған Бексұлтан Кенішқалиев пен аталмыш байқаудың лауреаты Дария Болсанбектің орындауындағы әсем әндермен көмкеріліп, студенттер тобының Академия гимнін шырқаған флэш-мобына ұласты.

ҚазҰӨА баспасөз қызметі

 

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+