Сайт картасы
қаз

АКАДЕМИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ БАС ҚОСАДЫ

30.04.2019

Бүгін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ғимаратында Академияның алғашқы түлектері бас қосты.

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы көптармақты және көпсалалы оқу орны, түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылықтың зиялы қауымын дайындайтын өнер ордасы. Академияның қысқаша тарихына тоқтала кетсек, оның ізашары — Алматы Мемлекеттік театр-көркемөнер институты 1978 жылы құрылған. Осы институттың алғашқы студенттері Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетіне 1975 жылы түскендер еді.

Сол топ Алматы Мемлекеттік театр-көркемөнер институтының алғашқы студенттер тобын құрап, оның театр-көркемөнер факультетін 1979 жылы бітірген, яғни бүгінгі Жүргенов академиясы түлектерінің алғашқы қарлығаштары. Сондықтан да 40 жылдан соң бірінші рет кездесіп отырған олардың бұл бас қосуы «Алғашқы қарлығаштар» деп аталды.
Олардың қатарында бүгінде елімізге танымал театр және кино саласының майталмандары бар. Атап айтқанда, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, кезінде Көкшетау театрының негізін қалаған, бүгінде сол театрдың директоры Мұратбек Оспанов, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев театрын құрушы Болат Ибраев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының драма актері Гүлнәр Ералиева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кезінде Махамбет атындағы Атырау облыстық Қазақ драма театрының директоры қызметін атқарған Төлеген Жангелдиев, бүгінде Жүргенов Академиясында қызмет етіп жүрген Театр өнері факультетінің сахна пластикасы кафедрасының меңгерушісі, өнертану кандидаты, профессор Аман Құлбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса, режиссер, педагог Гүлнәр Аманжанова, Майра Смағұлова, Фатигүл Әзімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының белді актрисасы Гүлшат Қыпшақова, «Тамаша», «Екі езу» театрларының іргесін қалаушылардың бірі ақтөбелік Бахыт Аитова, семейліктер Берікжан Қасымов, Салтанат Әзімбаева, қызылордалық Жорабек Досаев, сондай-ақ Рахиля Машурова мен Хадиша Бөкееваның курсын бітірген ұйғыр бөлімі түлектері Руслан Гайтов, Альянур Якупов, Муқадас Қасымова, Малика Имирова, Гульзара Яхьярова және т.б. бар. 

Кездесуге келген академияны осыдан қырық жыл бұрын бітірген алғашқы түлектері таңертеңгі 9:30-да Академия алдында жиналып, өнер саңлақтары Т. Наурызбаева, Ш. Жандарбековалардың мәңгі тыным тапқан жеріне барып, тағзым етті. Одан кейін қонақтар түске қарай академияның оқу залында театр өнері факультеті студенттерімен кездесті. 

Шара шымылдығын академия ректоры Асхат Маемировтың құттықтау сөзімен тәрбие жұмыстар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры м.а. Алмас Шоманов ашты. Одан кейінгі сөз кезегі 1979 жылғы академия түлегі, профессор Аман Құлбаевқа және ардагер ұстаз Омарбаева Майра Смағұлқызына беріліп, жиылғандарға жылы лебіздерін білдірді. 
Құттықттаудан кейін 2019 жылғы бітіруші театр өнері факультетінің төртінші курс студенттері музыкалық-театрландырылған қойылым қою арқылы 1975 жылға қайта оралып, залдағы қонақтардың студенттік шақтарын еске түсірді. Одан әрі сахна төріне қонақтарды шақырып, аға буын мен жас буынның арасында театр өнерінің кешегісі мен бүгіні, жалпы театр жөнінде әңгіме өрбіп, студент жастар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнер саңлақтарымен сұхбаттасып, аға ұрпақ сан жыл жиған тәжірибесімен бөлісті. 

1979 жылғы түлек Муқадас Қасымова 90-жылдардан бастап өзі продюсерлік етіп жүрген шәкірттерімен келіп, биден шашу шашты. 
Аға буын мен жас буын арасындағы сұрақ-жауап алмасудан соң студенттер өздері Академия оқып-үйренгенін ортаға салды. 

Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты — ұрпақтар сабақтастығы болса, академияның қырық жыл бұрынғы түлектердің игі бастамасы алдағы уақытта өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,
Т. Жүргенов Академиясының
баспасөз қызметі

Кері қайту Афиша
+