Сайт картасы
қаз

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті

27.06.2019

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті

      Ағымдағы жылдың 26 маусым күні Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 2019-шы оқу жылының бітіруші түлектеріне диплом тапсыру рәсімі салтанатты түрде өтті.
      Бұл шараға өнер білім ордасының оқытушылары және бітіруші түлектердің ата-аналары мен туыстары да қатысты.
Салтанатты рәсімде Академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров құттықтау сөз сөйлеп, PhD мен магистратураны бітірушілерді және бакалавриатты қызылмен бітірушілерге өз қолымен дипломдарын табыс етті.
- Құрметті біздің түлектеріміз, залда отырған ата-аналар, академияның оқытушылық, профессорлық құрамы! Бүгін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы үшін жүрек толқытатын ерекше күн. Себебі, осыдан 4-5 жыл бұрын біздің академия қабылдап алған студенттеріміз өздерінің білім алған алтын ұясынан ұшып, қолдарына еңбектеніп, білім жолында маңдай терлерін төккен жұмыстарының жемісін көріп, дипломдарын алғалы тұр. Ешқашан алтын ұяларыңыз, академияны ұмытпаңыздар!
Сонымен бірге, докторанттарымыз бен магистранттарымыз да өздерінің докторлық диссертацияларын, ғылыми магистрлік жұмыстарын сәтті қорғады. Енді сіздердің алдарыңызда ғылым, үлкен кәсіби еңбек жолы басталғалы тұр. Сол жолда сіздерге тек табандылық, үлкен жауапкершілік, еңбекқорлық, ізденіс тілеймін. Қазақстанның мәдениетімен өнерін әлемге танытатын сіздерсіздер! Сіздердің жолдарыңызға сәт сапар тілеймін!, - деді ректор Асхат Маемиров.
       «Өнер – өмір өрнегі», деп халық даналығы айтқандай, кез келген елдің өлшемі өнері мен мәдениеті арқылы танылып, бағаланатыны анық. 2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» «жастар жылы» «ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының аясында біздің академиямызда ұлттық өнер факультеті ашылды. Жаңғырудың ең басты шарты – ол өзіңнің мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу туралы сөз қозғағаны баршамызға мәлім.
Өнер мен мәдениет – халқымыздың рухани келбеті мен асыл қазынасы десек, жыл сайын қыз-жігіттеріміз қолдарына кәсіби мамандар ретінде дипломын алып, еліміздің өнер саласында барынша қызмет етіп, тәуелсіз еліміздің мәдени, рухани өркендеуі мен дамуына үлес қосуда. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – елімізде өнер және мәдениет саласындағы көркемдік білім берудің жоғары стандарттарына сай, жоғары білікті мамандар мен ғылыми кадрларды дайындау бойынша ең ірі білім беру және ғылыми орталық болып табылады. Жыл сайын академиямыз еліміздің шығармашылық элитасын құрайтын 300-ден астам мәдени және өнер мамандары бітіреді.
Ал, биылғы жыл академиямыздан 6 PhD докторы, 67 ғылым магистрі, 309 бакалавриат бағдарламасы бойынша түлектеріміз ғылыми, кәсіби білім дәрежелерін алып шықты.

Ә.Бақытұлы

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+