Сайт картасы
қаз

Жүргенов академиясы мен «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны арасында ниеттестік меморандумына қол қойылды

02.07.2019

Жүргенов академиясы мен «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны арасында ниеттестік меморандумына қол қойылды

      Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимаратында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Казреставрация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі басшылары арасында өзара ынтымақтасу жөніндегі меморандум жасалды. Академия ректоры Асхат Маемиров пен «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны бас директорының м.а. Асылхан Садуов бұдан әрі мәдени мұраны сақтау, зерделеу және көпшілікке насихаттау, сондай-ақ ғылыми және мәдени байланыстарды тереңдету мақсатында ынтымақтастық тараптарының мүдделерін негізге ала отырып өзара ынтымақтастық келісімге қол қойды. Тарқатып айтсақ, жүргеновтік студенттер мен «Қазқайтажаңарту» мекемесі білікті мамандары арасында тәжірибе алмасумен қатар академия түлектері аталмыш мекемеге жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар келісім аясында Асхат Максимұлы кезінде Үкімет үйі болған қазіргі Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Мәдени және тарихи ескерткіштердің» тізімінен алынып тасталғандығын айта келіп, мұның Академия ғимаратын қайта салуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Себебі, 1930-шы жылдары кеңестік конструктивизм стилімен салынған қазіргі ғимарат берік болғанымен, басында Үкімет үйіне арналып тұрғызылғандықтан онда өнер оқу орнына қажет жағдайлар көзделмеген. Ал әлемдік тәжірибеде өнер бағытындағы оқу орындарының ғимараттары осы мақсатқа лайықтап, арнайы салынатыны көпшілікке мәлім. Академия ғимараты осы күйінде өнер жоғары оқу орнының жағдайына ыңғайластырып салынбағандықтан, бүгінде Академияның иелігіндегі ғимараттарда профессорлық-оқытушылық құрамға, әкімшілік қызметкерлерге арналған орындардың және студенттік аудиториялардың жетіспеу проблемасы туындап отыр.

      Ректор осы тұрғылас мәселемен қатар Түркістан қаласындағы Күлтөбені жаңартып-жаңғырту қолға алынып отырғандықтан, осы іске Академиядағы металл, қыш және ағаш өңдеу, керамика бойынша мамандарды тартуға болатындығын атап айтты. Ал Асылхан Жұмабайұлы өз кезегінде Т. Жүргенов академиясының түлегі Қазақстан бойынша ескі кітаптарды қалпына келтіретін санаулы мамандардың бірі Сырым есімді азаматтың кәсіби шеберлігінің ерекше екендігін жеткізді.

 

Академияның баспасөз қызметі,

Гүлмира Асылбекқызы

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+