Сайт картасы
қаз

2015 жылдың қазан айының 16-жұлдызында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

16.10.2015

2015 жылдың қазан айының 16-жұлдызында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында қазақтың танымал сазгері, дирижер, Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің            70 жылдығы мерекесіне арналған «Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – Н.Тілендиевтің музыка өнерін өркендетуге сіңірген ерен еңбегін екшей отырып, қазіргі өнертану ұстанымдары мен оның шығармашылық мұрасын қайтадан жандандыру, замандастары мен шәкірттерінің естеліктері арқылы әйгілі тұлғаның өміріндегі жаңа, бұрын танылмаған қырларын жан-жақты саралау.

Нұрғиса Тілендиев – 50-ден астам драмалық және балеттік спектакльдерге, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазған. Бірқатар ірі симфониялық туындылардың, оның ішінде опералардың, кантаталардың, увертюралардың, оркестрге арналған поэмалардың, 400-ден астам ән мен романстардың авторы және осы еңбектері үшін 1978 жылы ҚазақКСР-і Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Нұрғиса Тілендиев – әлемге әйгілі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін ұйымдастырушы және бас дирижері. Ол осы ансамблдің репертуарына арнап өзінің ең жақсы күйлерін жазды. Сымбатты ырғақпен еркін төгілген әсем әуен, азаматтық пафос пен нәзік лиризм – бүгінде оркестрге ерекше динамикалық серпін беретін оның шығармашылығына тән қасиет.

Нұрғиса Тілендиевтің сан қырлы шығармашылығы халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланады: Француз институтының 2003-2004 жылдарда Орталық Азияға (IFEAC) жүргізген зерттеуінің сараптамалық нәтижесі бойынша оның есімі «ХХ ғасырдағы Қазақстан мәдениетінің ұлы жүздігі» рейтингісінің жоғарғы ондығына енеді.

Ғылыми конференцияға П.Момынұлы, С.Ә.Күзембай, Ж.Шәкәрім, К.С.Серікбаев, Е.Әбілдаев секілді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ұлы композитордың жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Д.Тілендікеліні, ҚР Халық әртісі М.Қазтұрғанова, жазушы, академик Н.Қапалбекұлы, «Н.Тілендиев мемориалды музейінің» жетекшісі А.Қ.Нұрғалиев, «Б.Момышұлы мұрасы» қоғамдық қорының директоры О.Ж.Масатбаев, сонымен қатар академияның факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.   

http://tankaz.kz/2015/10/21/post3206.html

 

Кері қайту ҚАЗҰӨА-дан жаңалықтар
+