Сайт картасы
қаз

Докторлық диссертациясының мәтінінің аңдатпасы кіріспе

Рысымбетов Ержан Құрбанәліұлының

6D041600 – «Өнертану» мамандағы бойынша

философия докторы (PhD) ғылыми атағын алу үшін ұсынылған

«ХХI ғасыр Қазақстан кескіндеме өнерінің көркем бағыттары»

атты докторлық диссертациясының мәтінінің

АҢДАТПАСЫ

 

Зерттелетін тақырыптың өзектілігі

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаппай сипат алған  игілікті іс – ұлттық бірегейлену үрдістерінің бірі ұлттық өнерімізді, тарихи рухани мұраларымызды жаңғырту болатын. Бұл беталыс тек экономикалық-саяси, ғылыми-әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, көркемдік танымды қайта зерделеумен жалғасын тауып келеді. Ендеше, отандық бейнелеу өнері мен өнертану саласы да байырғы мен бүгінгі көркемдік тарихи-таным ерекшеліктерін зерделеп, оны халқымызға және әлемге паш етуді мақсат етіп келеді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсетіп жүргендей, біз 2050 стратегиясының мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз, оған жету тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, ғылым мен білім негіздерін нығайту және қазақ көркемөнер кеңістік аясын кеңейту мен оны жан-жақты зерттеу маңызды үлестердің бірі екендіктен болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 2014 жылғы 17 қаңтарда жасаған Қазақстан халқына Жолдауында төмендегідей маңызды мәселелерге тоқталады: «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет... жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек».

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында өнерде жаңа үрдістер мен бағыттар пайда болады. Заманауи сыншылардың ойынша, жаңа академизм қалыптасқан дәстүр мен таптаурындарға қарсы классикалық өнердің қайта жаңғыруын өзінің мақсаты деп біледі. Дегенмен бұл бағытты жақтаушылар ескірген дәстүрлерге қайта оралуды көксемейді, оларды жаңа техниканың жетістіктерімен органикалы біріктіруді жөн санайды. Жаңа пайда болған бағыттардың да, алдыңғы кезеңдердегі бағыттар немесе стильдерге ұқсас толық қанды теориялық негіздемелері бар. Мақалалар, ережелер басылып, өздерінің ағымдарын негіздеп жатады. Бүгінгі заманауи бейнелеу өнері «келемежді»,  маскарадты ХХ ғасырда салтанат құрған модернизм мен постмодернизмге қарсы қояды.  

Заманауи қазақ кескіндеме өнерінің даму жолындағы бағыты мен болашағын шын мәнінде оны зерттеушілердің қалай талқылауына байланысты болып отыр. Яғни, эстетикалық категориясы айқындала қоймаған заманауи өнерді зерттеушілерге оның жауабы мен шешімдерді іздестіруді жүктейді.

Сондықтан ұсынып отырған ғылыми диссертациялық жұмыста қазақ кескіндеме өнерінің заманауи көркем бағыттардың ерекшеліктерін, олардың ұстанымын зерттеу отандық өнертану үшін көкейкесті мәселе болып табылады.

Зерттеу нысаны – Қазақстанның заманауи кескіндеме өнері болып табылады.

Зерттеу пәні – ХХI ғасырдағы қазақ кескіндеме өнеріндегі көркем бағыттарының өнертанушылық, философиялық негізі.    

Жұмыстың мақсаты – ХХІ ғасыр Қазақстан кескіндеме өнерінің көркем бағыттарын айқындау арқылы отандық заманауи өнердің теориялық тұжырымдамасын жасау.

Зерттеу міндеттері:

- Заманауи көркем өнердің табиғатын, оның қызметін айқындау;

- ХХ ғасыр бейнелеу өнерінің ХХІ ғасыр өнерімен сабақтастығы мен әсеріннен пайда болған көркем ізденістерге талдау;

- Заманауи қазақ кескіндеме өнерінің даму үрдістерін зерттеу;

- Кескіндеме өнерінің көркем ізденістерідегі жаңаша көркем тілді айқындау;

- қазақ суретшілерінің шығармаларынан заманауи көркем қолтаңбаны айқындау және оларды зерттеу;

- Заманауи әлемдік көркем өнердің қазақ кескіндеме өнерінің дамуына әсерін бағдарлау.  

Жұмыстың зерттелу деңгейі

ХХІ ғасыр бейнелеу өнерінің басталғанына аз ғана уақыт өтсе де, қазақ бейнелеу өнерінің эстетикалық мәселелері мен бейнелеу өнерінің табиғаты және бейнелеу өнерінің тілі, бейнелеуші және айқындаушы құралдары заманауи және дәстүрлі өнердің байланысы мен сабақтастығы тұрғысынан шет елдік және отандық ғылыми еңбектерде қаралған.

Олардың арасында бейнелеу өнерінің табиғатын тұжырымды қарастырғандар: В. Лукка, В.С. Манин, С.П. Батракова, Ж.-Ф. Лиотар, Ж. Деррида, А. В. Беньямин, Х.-Г. Гадамер, Ж. Делёз, Ж. Бодрийяр және басқалар.

Осы мәселелерді қарастыруда  Н.Б. Маньковскаяның, М.С. Каганның, Н.И. Киященконың эстетикасы мен философиялық ойлары заманауи өнерді түсінуге  септігін тигізді.

Р. Краусс, Б. Гройс, Г. Роузли  және т.б. шетел зерттеулері дереккөз ретінде құнды материадар болып саналады.

Отандық ғалымдар Р.Ә. Ерғалиева, Б.К. Байжігітов, С.Ж. Көбжанова еңбектерінде қазақ бейнелеу өнеріндегі кеңістік құру мәселесі, өнертанушылар Г. Сарықұлова, Ә.С. Ғалымжанова, Б.К. Барманқұлованың ғылыми еңбектері мен мақалалары маңыздылығы зор.

Бүгінгі қазақ кескіндеме өнерін әлемдік көркем өнерінің аренасынан көрсетіп жүрген танымал суретшілер мен жас суретшілердің шығармаларына арналған каталогтар мен көрмелер ғылыми зерттеу жұмысында қарастырылды. Қайранбаев Ж., Төлепбай Е.,  Бубэ Н., Тілеужанов Т. және кескіндемешілер мен жас суретшілердің репродукция альбомдары да өте құнды болып табылады.

Жұмыстың әдістемелік негіздері

Зерттеу жұмысында заманауи ғылымдардың түрлі әдіснамалық принциптері пайдаланылады – өнертанудың, эстетиканың, бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы және т.б. Зерттеу жұмысының әдісі жалпы ғылымға негізделген – аналитикалық, салыстармалы, логикалық, типологиялық.

Кешенді және жүйелі жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде бейнелеу өнерінің динамикасы мен дамуын ХХ ғасыр өнерін ХХІ ғасыр өнерімен сабақтастықта қарастыра отырып, оның даму үдерістері тұжырымдалады. Заманауи бейнелеу өнерінің көркем бағыттарын айқындауда, абстрактілеу және нақтыдан абстрактіге, абстрактіден нақтыға өту зерттеу пәнін дамыта түседі және оның болашақта даму бағытын айқындауға көмектесті. Темпоральды әдістің көмегімен заманауи көркем өнерде жүріп жатқан құбылыстар мен үрдістердің пайда болу себеп-салдарын бақылау мүмкін болды және бұл біртіндеп заманауи жүйелі даму жүйесін қалыптастырды.   

Диссертацияда көркем шығармаға формалды және иконологиялық талдау жасалды.

Еңбекте көркем шығармалардың пайда болуы мен оларды қабылдау интеграциялы жолдары қарастырылады.

Зерттеу барысында дәстүрлі өнер мен заманауи бейнелеу өнерінің байланысы мен даму заңдылықтарын айқындауда компаративті анализ жасау әдісін пайдаланды.

Бейнелеу өнерінің заманауи үрдістерінің суретшілер шығармашылықтарының эмоционалды-эстетикалық әсеріне талдау жасауда когнитивті әдіс пайдаланды.  

Жұмыстың ғылыми жаңалығы

Бейнелеу өнерінің дәстүрі мен заманауи шығармашалық ізденістердің сабақтастығы ретінде қарастыру ұсынып отырған ғылыми жұмыстың жаңалығы болып табылады. Жұмыста алғаш рет осыған дейін белгілі болған көркемөнерді зерттеудің әдістері мен тәсілдері басқаша эстетикалық және функциялық табиғаты тұрғысынан заманауи бейнелеу өнерінде жалғасын тапқан. 

Көркем ізденістердегі заманауи үдерістердің пайда болуы, қоғамда жүріп жатқан жаһанданудан әлемдік кескіндеме өнерімен етене байланыстан, дәстүрлі өнердің заманауи бейнелеу өнеріне трансформациялануы, қазақ бейнелеу өнерінің ХХ ғасыры мен ХХІ ғасырдағы соңғы кездегі кескіндеме өнеріне салыстырмалы талдаулар жасау арқылы көз жеткізілді.  

Диссертацияда әлемдік кескіндеме өнеріндегі жаңа ағымдар және кескіндеме өнерінде сақталған дәстүрлер ХХІ ғасыр қазақ кескіндемесінде жаңа қолтаңбалар мен шығарма арқылы дәстүрлі және жаңа ақпаратты заманауи кескіндеме тілінде жеткізгені зерттелді.  Осы өткен мен бүгінгі, батыс пен қазақ кескіндеме өнерін салыстыра келе, кескіндеме өнеріндегі ұқсастықтар мен өзгешеліктердің барлығы айқындалды. Көркем өнерде түрлі үрдістердің немесе стильдердің пайда болу мен олардың дамуы қоғамдық сананың өзгеруіне байланысты түрлі болып отырды.

ХХІ ғасыр қазақ кескіндеме өнері, басқа өнердің түрлеріне қарағанда шапшаң жылдамдықпен дамуда. Жаңаша ізденістерді 15-20 жылда қазақ кескіндеме өнерінде өзіне тән көркем айқындаушы тәсілдер, ХХ ғасырда кескіндемеде қалыптасқан жанрлар мен пішіндерді, жаңа көркем ізденістерді дамыта отырып, тек қазақ бейнелеу өнеріне ғана тән кескіндемеде дәстүрлі қазақ өнерінен бастау алатын және заманауи кескіндемелік әдіс-тәсілдермен тоғысқан жоғары эстетикалық көркем тілді қалыптастырды.  

Өнертанушылардың еңбектеріне сүйене отырып, соңғы кезеңдерде қазақ кескіндеме өнерінде тақырыптық мазмұндық және көркем құрылымы мен көркем тілі жағынан да басқа әлем өнеріне ұқсамайтын ұлттық заманауи көркем тілді қалыптастырды деген тұжырымға келдік.

Диссертацияда қазақ кескіндеме өнеріндегі тарихи, саяси-мәдени, технологиялық факторларға қатысты пайда болған жаңа көркем бағыттардың барлығы туралы жүйелі түсінік беруге алғаш талпыныс жасалды. Бүгінгі күні танымал атақты және жас кескіндемешілердің шығармаларын зерттеу арқылы олардың шығармашылығында классикалық дәстүр мен заманауи кескіндемелік әдістердің де қатар өмір сүріп жатқаны айқындалды. Дәстүрлі классикалық өнер мен дәстүрлі қазақ өнерінің кейбір элементтері жаңа көркем бағытты қалыптастыруда. Бұл кескіндемеде дәстүрлі әдіс-тәсілдердің сабақтастығы сақталатынын және оның жаңаша ырғақта дамитындығын тағы да бір дәлелдей түседі. 

Постмодернистік тенденциялар ең алдымен кескіндеме өнерінде оның көркем тілін байытып, тақырыптарын тереңдетіп, ұлттық құндылықтар мен рухани ізденістерге жетеледі. Қазақ өнері басқа халықтардың өнеріне ұқсамайтын өзгеше тіл қалыптастыру арқылы, ұлттық дүниетанымдық негіздегі жаңаша бағыттарды ашты.

Қазақ кескіндеме өнерінде ұлттық тақырыптар жаңаша талқыланды. Неғұрлым дәстүрлі түсініктер мен ұғымдарды, салт-дәстүрді, мифті заманауи кескіндеме тілінде талқылап, көркем бағыттар дамытты. Қазақ заманауи кесікіндеме өнерінің еуропалық кескіндемешілердің көркем бағыттарынан өзгешелігі – дәстүрлі өнерге қарсы шықпастан, оны дамытуында.     

Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар

  1. ХХІ ғасыр заманауи кескіндеме өнері - жаңаша визуалды қабылдау өнері. Заманауи өнер суретшіні қоршаған ортасын объективті қабылдап, оған субъективті жауап беру. Заманауи бейнелеу өнері заттың объективті мәнін ашуға ұмтылады. Бүгінгі кескіндеме өнерінің табиғаты күрделі, ол интеллектуалды түйсікке негізделе құрылады, сондықтан заманауи өнер түсінуді емес түсіндіруді қажет етеді. Бүгінгі ХХІ ғасырдың кескіндеме өнері ХХ ғасырдың жетістіктері мен нәтижелерін заманауи кескіндеменің көркем тілін, бейнесін құруда қолданады. Заманауи өнер әр дәуірдің кезеңнің қабылдау ерекшелігіне көркем сананың дамуына байланысты ерекшеленіп отырады.
  2. Бүгінгі постмодернистік өнердің шығу көзі модернизммен сабақтас дамуда. Модернизм өзінің алдындағылардың барлығына қарсы шықса, постмодернизм өзіне дейінгі көркем өнердегі стильдік, тақырыптық, жазу тәсілін, жалпы барлық көркем құндылықтарды өз бойына жинады. Заманауи өнерде постмодернизм бағыт ретінде қалыптасты және оның ағымдары пайда болды. Өнерде екі полюс те бірдей кездеседі, мысалы: пішінді, пішінсіз, объектілі, субъектілі, интровертті, экстровертті және т.с.с. Заманауи кескіндеме өнерінің қайнар көзі ұлттық дүниетаным мен түсініктердің, қабылдаудан туған бейнеленуші объектінің жаңаша визуалды интерпретациялануы.
  3. ХХІ ғасырдың Қазақстан кескіндеме өнерінің дамуына ұлттық көркем өнердің тәжірибелері мен мұралары және әлемдік көркем өнердің жетістіктері негіз болды. Қазақ кескіндеме өнерінің басында тұрған ресейлік суретшілер А. Черкасский, В. Эйферт, Л. Брюмман, Л. Леонтьев, С. Калмыков, В. Стерлингов және т,б, суретшілердің қазақ кескіндеме өнерінің қалыптасуна әсері мол, сондай-ақ қазақ суретшілері Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, С.Мәмбеев, Г. Исмаилова, А. Ғалымбаева және т.б. ұлттық қолтаңба қалыптастырды. Ресейден келген суретшілер мен ұлттық мектептің майталман суретшілерінің шығармашылығында қазақ бейнелеу өнерінде модернистік бағыттардың нышаны байқалды. Өнердегі сабақтастық немесе сұхбаттастық ХХІ ғасырдың заманауи кескіндемелік ізденістеріне мүмкіндіктер ашты. Заманауи суретшілер түрлі стильдер мен жазу тәсілдерін меңгерді және оларға тәжірибелер жасады. Заманау кескіндеме өнерінің тілі күрделеніп, түрлі материалдарды араластырып жазды. Заманауи бейнелеу өнерінде дәстүрлі және неодәстүрлі стиль пайда болды.
  4. ХХІ ғасыр өнері синтезді өнер. Жанрлар, стильдер араласты. Өнерде «өнер», «өнер емес», «қарсы өнер», «дәстүр», «неодәстүр» деген ұғымдар пайда болды. Осылардың барлығын постмодернизм кезеңіндегі көркем санамен түсіндірілді. Өнерде қайталаулар мен қайталанулар, құжатталулар жүрді. Эстетикалық құндылықтар өзгерді.
  5. Қазақстан кескіндеме өнерінде жаңаша пластикалық принциптер көрініс таба бастады. А.Сыдыханов шығармаларында «Қарға бақташы» сияқты мистикалы дүниелер келді. Б. Түлкеев психологиялық күрделі композицияларға, А.Ақанаев Пикассоның пластикаларына ұқсас импровизация, Д.Алиевтің «Кәмпеске» атты картинасында бейнелер хаосты сипат алды. Қазақстан бейнелеу өнері модернизмнің көркем өнерін қалыптастырып, постмодернизмге аяқ басты.
  6. Қазақстандық суретшілер әлемдік мәдениеттің тәжірибелерімен танысып, жаһандану мәдениетімен етене байланыс тудырды. Кескіндеме өнерінің заманауи көркем тілі мен оның философиялық астарларына мән бере бастады. Өнердің концепциясы өзгеріп, өнерде «өнер ме, өнер емес пе» деген дағдарысты кезеңдерді бастан өткерді. Кескіндемеде жаңа қолтаңбамен қатар жаңа есімдер шықты. Суретшілер постмодернистік көркемөнердің өнерді жаңаша интерпретациялау әдістерін қолданып жаңа көркем пластика тілін қалыптастырды.

Жұмыстың құрылымы

Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, әрбір тарау екі тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

«ХХІ ғасыр заманауи кескіндеме өнеріне түсінік» атты бірінші тарауда кескіндеме өнерінің табиғаты мен оның қызметі, тарихи жалпы сипаттама беріледі. Сондай-ақ, кескіндеме өнеріндегі көркемділік, бейне ұғымдарына түсініктер беріледі.  

«Заманауи өнердегі көркем бағыттары» деп аталатын екінші тарауда  қазақ кескіндеме өнеріндегі модернистік ағымдардың көріністерге салыстырмалы сараптаулар жасалды.

Жұмыстың үшінші тарауында «ХХІ ғасырдағы қазақ кескіндеме өнеріндегі негізгі тенденцияларда» кескіндеме өнері постмодернизм кезеңіндегі бағыттарға, көркем тілге, нақты суретшілердің шығармаларына талдау жасалады және заманауи көркем бағыты айқындалады.  

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша қысқа тұжырымдамалар келтіріледі.  

Зерттеудің негізгі мазмұны, ғылыми нәтижелері мен түйінді тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті белгілеген ғылыми басылымдарында, Scopus және Web of Science (Thomson Reuters) компаниясының деректер базасына кіретін импакт-факторы бар халықаралық ғылыми басылымдарда, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды.

Докторлық диссертация Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасында талқыланып, қорғауға жіберілді.  

 

+