Сайт картасы
қаз

Докторлық диссертациясының мәтінінің аңдатпасы кіріспе

Айдар Алма Мұратқызының
6D041600 – «Өнертану» мамандағы бойынша
философия докторы (PhD) ғылыми атағын алу үшін ұсынылған
«Қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема ерекшеліктері»
атты докторлық диссертациясының мәтінінің
АҢДАТПАСЫ 
КІРІСПЕ


Зерттелетін тақырыптың өзектілігі
   Бүгінгі таңда, кино отандық өнерінің өркендеу жолында айтылып жатқан көкейкесті мәселелер аз емес. Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауларында әрдайым ғылымның, мәдениет пен өнер салаларын дамыту қажеттілігін, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танымал етуді айтады. 
   Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ көркемсуретті кино өнерін, атап айтсақ, оның режиссурасын қазіргі кинотанушылардың көзқарасына сай зерттеу аса маңызды, әрі көкейкесті мәселе болып табылады. Себебі, 1990-шы жылдардан қазірге дейінгі отандық киноны сараптамай, бізге қазақ көркемсуретті кино өнерінің бүгінгі жағдайы мен ертеңгі даму жолдарын болжау күрделі мәселеге айналады.
   Сонымен бірге, әлемдік кинотануға интеграция мақсатында халықаралық деңгейде орныққан ұғымдар мен терминдерді пайдалану қажеттілігі – әлемдік ғылыми кеңістіктің бір бөлшегі болудың негізгі талабы. Сонымен қатар жаңа ғылыми ақпараттар мен еңбектер күн өткен сайын көбейіп ғылыми қолданыс аясына енуде.    
   «Арт-синема» ұғымы қазақ кинотану ғылымында түбегейлі түрде зерттеліп қарастырылмаған, тың тақырыптардың бірі деп ерекше бөліп айта аламыз. Бұл тақырыпта тек диссертация авторы өзінің «Арт-синема және Дәрежан Өмірбаев кинематографы» магистерлік диссертациясын қорғаған болатын. Ал әлемдік ауқымда болса, арт-синема ұғымы, оның басты тұжырымдамалары, пайда болуы мен даму тарихы, негізгі ерекшеліктері 30 жылдан астам уақыт аралығында терең зерттеліп келеді.
   Арт-синема төңірегіндегі зерттеулер елімізде бұрын-соңды жүргізілмегеннен, бұл тақырып Қазақстанның жалпы өнертану ғылымы үшін, соның ішінде қазақ тілді кинотану үшін өзекті болып табылады.    

Жұмыстың зерттелу деңгейі
   Жұмыстың теориялық бөлімі арт-синема ұғымына арналады. Қазақ кинотануында арт-синема ғылыми термин тұрғысынан өкінішке орай тарамаған және осыған байланысты зерттеліп қарастырылмаған. Сондықтан да бұл бөлімде шетелдік кинотанушылар мен шет тілінде жарық көрген зерттеулерге жүгінеміз.
   Арт-синема ұғымының теориялық-әдістемелік мәселесіне экскурс жасау үшін Стив Нил, Әли Қарадоған, Сьюзан Хэйуорд, Дэвид Эндрюс, Розалинд Галт, Карл Шуновер, Андрес Балинт Ковач, Уоррен Баклэнд, Эндрю Саррис, Питер Лев, Уильям Сиска, Берис Гаут, Барбара Уилински, т.б. еуропалық және американдық ғалымдардың, сонымен бірге Наталья Самутина, Андрей Андреев есімді ресейлік зерттеушілердің еңбектері аса елеулі болып табылады. Аталған еңбектерде әлемдік кинематографтағы арт-синема ұғымының шығу тарихы мен даму жолдары, негізгі теориялық тұжырымдамалары, танымал режиссерлердің шығармашылығы зерттеледі.
   Қазақ киносының кеңестік кезеңін зерттеу үшін отандық кинотанушылар Қабыш Сиранов, Камал Смайылов, Раушан Оспанова, Роза Абдулахатова, Күлшара Айнағұлова, Қатеш Әлімбаева, т.б. еңбектері үлкен маңызға ие.
   Тәуелсіз кезеңіндегі қазақ киносының арт-синема бағытының көркемдік ерекшеліктерін түсіну үшін отандық кинотанушылар Бауыржан Нөгербек, Гүлнар Әбікеева, Назира Мұқышева, Гүлнар Мурсалимова, Гүлзат Көбек, Инна Смаилова, Молдияр Ергебеков, Баубек Нөгербек және т.б. зерттеушілердің еңбектері өте құнды болып табылады.  
   Зерттеу нысаны – әлемдік кино өнеріндегі арт-синема ұғымы болып табылады.
   Зерттеу пәні – арт-синема контексіндегі қазақ көркемсуретті киносы болып табылады.
   Жұмыстың мақсаты – арт-синема ұғымының негізгі теориялық тұжырымдарын анықтау және қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема ерекшеліктерін айқындау.

Зерттеу міндеттері:
-    Арт-синема ұғымын және оның әлемдік кинотану ғылымында пайда болу тарихын анықтау;
-    Әлемдік кинематографта арт-синеманың даму кезеңдерін сараптау; 
-    Кеңестік кезеңдегі қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема элементтерінің пайда болуын айқындау;
-    Қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема ерекшеліктерін айқындау;
-    Заманауи қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема тенденцияларын анықтау;
-    Қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синеманың даму перспективаларын белгілеу.

Жұмыстың әдістемелік негіздері
   Диссертациялық жұмыстың теориялық-әдістемелік негізін тарихи-мәдени және көркемдік-философиялық тәсілдемелер құрап отыр. Талдаудың түрлі амал-тәсілдері барынша зерттеліп, салыстырылып қолданылған. Осы ғылыми жұмыста қолданылған әдістердің ішінде басымдыққа ие болғаны жүйелі тәсіл, яғни, нақты фильм мен жалпы киноүрдісін талдауда келесі әдістер қамтылған:
-    тарихи-кинотанушылық,
-    фильмдік,
-    салыстырмалы-сараптамалық,
-    өнертанушылық.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы
Бұл диссертациялық жұмыста арт-синема ұғымы қазақ кинотануында тарихи-зерттеушілік және теориялық тұрғыда алғашқы рет қарастырылады. Автор қазақ кинорежиссерлерінің шығармашылығын арт-синема ұғымы аясында және арт-синема киносының заманауи кино үрдісіне әсері тұрғысынан сараптап, біртұтас жүйелі түрде зерттеу жүргізуге өз талпынысын жасады.

Зерттеу барысында диссертант ғылыми жаңалығы бар келесі нәтижелерге қол жеткізді:
- арт-синеманың әлемдік кинотанудағы негізгі тұжырымдамалары жүйеленді;
- қазақ кеңестік киносындағы арт-синеманың бастамалары айқындалды;
- автор отандық ғылыми айналымға «арт-синема» халықаралық кинотанушылық терминді енгізіп отыр;
- кеңестік және посткеңестік кезеңдердегі қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема эстетикасының сипатты белгілері жаңа концептуалдық тұрғыдан айқындалды;
- қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема ерекшеліктері екі топқа – өнідірістік және эстетикалық болып айқындалып, жүйеленді;
- заманауи қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синеманың тенденциялары анықталды;
- автор арт-синема терминін қазақ кинотану ғылымына енгізуді ұсынды. 

Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар
1.    Арт-синема – ауқымды кинотанушылық ұғым және авторлық кино оның ерекше тармағы болып табылады. Авторлық кино түсінігінде режиссер фильм авторы болып табылады және оның жеке стилі болуы шарт. Арт-синема – өнер санатындағы кинематографты білдіретін термин, оны арт-хаус сөзінің орнына қолданған дұрыс. Арт-хаус – арнайы кинотеатрларды («art house» – ағылшыншадан сөзбе сөз «өнер үйі», ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та пайда болды), кейін осы кинотеатрларда көрсетілуге арналған арт-синема және авторлық фильмдердің атауын білдіретін маркетингтік термин;
2.    Арт-синема тек Еуропаның ғана емес, барлық құрылықтардың өнер санатындағы кинематографтың негізгі кезеңдерін (неміс киноэкспрессионизмі, француз және кеңестік киноавангарды, итальяндық неореализм, француз жаңа толқыны, неміс жаңа киносы, жаңа иран киносы, азиялық минимализм, Латын Америкасының жаңа киносы және т.б.) қамтиды. Арт-синеманы еуропалық интеллектуалдық кинематографтың синонимі ретінде қабылдау дұрыс емес;
3.     Қазақ киносында алғаш рет арт-синеманың эстетикалық элементтері 1950-1960 жылдары қазақ киносының негізін қалаған аға буын өкілдері Шәкен Айманов («Атамекен», «Алдар Көсе»), Мәжит Бегалин («Оның уақыты келеді», «Тұлпардың ізімен»), Абдолла Қарсақбаев («Менің атым Қожа», «Қилы кезең») Сұлтанахмет Қожықов («Қыз Жібек») шығармашылығында орын алды;
4.     Қазақ көркемсуретті киносында арт-синема институция ретінде 1980-жылдардың аяғында, Қайта құру және Жариялылық заманы мен тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында 1990-2000 жылдар аралығында, «қазақ жаңа толқыны» кинематографы пайда болуымен толықтай қалыптасты;
5.     Қазақ киносында арт-синеманың толыққанды анықтамасына «қазақ жаңа толқыны» және «постжаңа толқын» киносы сәйкес келеді. Бұл көркемдік ағымдардың фильмдерінде режиссер-автордың стильдік қолтаңбасы, жеке дүниетанымы орын алды;
6.     Қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синеманың ерекшеліктері өндірістік және көркемдік болып бөлінеді. Өндірістік ерекшеліктеріне арт-синема фильмдеріне мемлекет тарапынан қаржының тек түсірілімге бөлінетіндігі, ал прокат пен дистрибуция көп жағдайда шет елдерде өзге мемлекеттердің компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Қазақ арт-синемасының эстетикалық ерекшеліктерін айтқанда оған Батыстың арт-синема көркемдік ағымдарының әсер еткенімен, ол ұлттық нақышта дамығанын байқаймыз. Сондай-ақ, қазақ арт-синема режиссерлері шығармашылығының басынан бастап өздерінің фильмдерінен цитата қолданған болатын, ал шетелдік арт-синема тәжірибесінде бұл үрдіс режиссерлердің шығармашылығының бір қорытындысы ретінде пайдаланылған. 

Жұмыстың құрылымы
   «Қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синема ерекшеліктері» диссертациялық жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшада келтірілген фильмографиядан тұрады.
   «Киноның өнер ретінде қалыптасуының теориялық-концептуалдық негіздері» атты бірінші тарауда әлем киносы тарихының даму кезеңдерінде қомақты үлес қосқан бағыттардың тарихы мен басты ерекшеліктеріне және негізгі тарихи орны биік режиссерлер мен олардың фильмдердін тарихи-кинотанушылық тұрғыдан сарапталды.
   Жұмыстың екінші тарауында «Қазақ көрсемсуретті киносындағы арт-синема бағытының эстетикалық және өндірістік ерекшеліктері» қазақ киносының батыстануы, қазақ арт-синемасының институция ретінде қалыптасып, даму жолы, қазақ авторлық киносының өзіндік ерекшеліктері, сонымен қатар жаңа кейіпкер бейнесі төңірегіндегі тақырыптарды сарапқа салуға талпыныс жасалды.
   Үшінші тарауда «Қазіргі заман қазақ киносындағы арт-синеманың ерекшеліктері: жаңа тенденциялары және перспективалары» автор «қазақ жаңа толқыны» мұрагерлері, жас кинорежиссерлер шығармашылығын зерттеп, қазіргі қазақ көркемсуретті киносындағы арт-синеманың арт-стримге трансформациялануын айқындайды. 
   Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша қысқа тұжырымдамалар келтіріледі.
   Зерттеудің негізгі мазмұны, ғылыми нәтижелері мен түйінді тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті белгілеген арнаулы басылымдарында, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларда баяндалды.

+