Сайт картасы
қаз

6D041600 – өнертану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациялық жұмысына

АННОТАЦИЯ

 

6D041600 – өнертану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациялық жұмысына

 

Маемиров Асхат Максимович

 

Қазақстанның  театр режиссурасы: сабақтастық пен жаңашылдық   (1991-2015 ж.ж.)

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Зерттеу жұмысында тәуелсіздік алған 1991-ші жылдан бастап қазірге дейінгі аралықтағы  Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық тенденциялары театртанушылық контекстер мен өнертанушылық принциптер бойынша сарапталды.  Режиссура өнеріндегі заманауи ізденістер мен тәжірибелердің даму жолдары, сабақтастық пен жаңашылдық бағыттарының ұлттық болмыс-бітім мен рухани құндылықтарды сақтаудағы  рөлі зерделенді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма төрт жылдың ішінде рухани кеңістігіміз бен қоғамдық өміріміз өзгерістер мен даму жолында екендігі анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» екендігін атап, «Қазақстан мәдениетінің дамуына жаңа импульстар беру керек екендігін» нақты айқындаған [1]. Мемлекет басшысы бәсекелестікке қабілетті мәдениетті ментальді қазақстандықтарды және заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасындағы мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын бекітті.

Елбасы бекіткен мемлекетіміздің мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасының стратегиялық доминанты «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Ол Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының 30 дамыған елдің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге шоғырлануға үндейді.

Мәдениет – ең алдымен әлемдегі елдердің ұлттық идеологиялары мен ұстанымдарын қалыптастырудың мықты құралы екені анық. Ендеше мәдениет пен өнердің әлемдік өркениетте алатын орны мен атқаратын ролі, перспективалық даму платформаларының барлығы да ең алдымен ғылыми тұрғыда сараланып, кейін практика жүзінде іске асады. Өнертану ғылымында өте аз зерттелген саланың бірі – режиссура болып табылады.

Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның театр өнеріндегі режиссура саласын - сабақтастық пен жаңашылдық рухта нақты зерделеп, әлемдік сахна заңдылықтары мен үрдістеріне жауап бере алатын қазіргі ұлттық театр бағыттарын кәсіби тұрғыда пайымдап, рухани мұралардың сақталуы мен заманауи талаптарға сай даму тенденцияларын қарастыру - ғылыми, мәдени саяси, тарихи қажеттіліктерден туындаған міндеттердің бірі.

Бұл біріншіден, қазіргі театр процесінің көркемдік көкжиегін жаңа көзқараста танитын, тәуелсіздік пен елдік рухта өнер құбылыстарын жасауға ұмтылған қазақстандық режиссураны кәсіби тұрғыда одан әрі дамытуға жол салады. Екіншіден, халықаралық мәдениет аренасындағы Қазақстанның біртуар тұлғасын қалыптастыруға және нығайтуға ықпал етеді.

Зерттеу жұмысының нысаны: Қазақстанның театр режиссурасы  болып табылады.

Зерттеудің пәні: Мемлекетіміздің мәдениетіндегі жаңа көркемдік-эстетикалық құбылыс болып табылатын Қазақстаның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық бағыттарды тәуелсіздік алған кезеңдерден бастап театртанушылық тұрғыда қарастыру.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақстанның театр режиссурасының заманауи даму  тенденцияларын әлемдік мәдениет контекстінде зерттеу. Осы мақсатқа байланысты мынадай міндеттер қойылған:

– Қазақстанның мәдени кеңістігіндегі ерекше феномен ретінде театр режиссурасының болмыс-бітімі мен мәнін айқындап, мемлекетіміздің көп ұлтты театр өнерінің дамуына негіздемелер болатын рухани-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық бастауларды анықтау;

– 1991 жылмен 2015 жылдар аралығындағы Қазақстан режиссурасының сабақтастық пен жаңашылдық  бағыттарын зерттеу нәтижесінде, оның дамуының басты үрдістерін анықтау;

 – ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы еліміздің өнер үдерісінде өзіндік орны бар ұлттық театрлардың режиссура мәселесіне театртанушылық талдау жасау және қоғамдық санаға әсер еткен көркемдік деңгейі жоғары қойылымдардағы рухани құндылықтардың мән-мағынасын ашу;

– Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасы ауқымындағы театр режиссурасының басты бағыттары мен даму перспективаларын белгілеу;

– Қазақстанның режиссура өнерінің  эволюциясын, мемлекетіміздегі театрлардың ұлттық бейнесі мен келбетін сақтау мен дамытудағы ролін айқындау;

– Қазақстанның театр режиссурасының даму кезеңдерін сабақтастық пен жаңашылдық арақатынасы негізінде қарастыру;

– Әлемдік жаңару мен жаһандану үдерісінің  қазақ театр режиссурасына тигізген әсері мен ықпалының жағымды және жағымсыз тұстарын саралау;

– Қазақстандағы «режиссерлік театр» моделінің құрылымын жасаған отандық көрнекті режиссерлердің шығармашық мұраларын ғылыми-теориялық тұрғыда кәсіби талдау жасай отырып, қойылымдарының көркемдік деңгейін сараптау;

– Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан театр режиссурасының эстетикалық сипатты белгілерін жаңа концептуалды тұрғыдан қарастыру.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық процесі осыған дейін еліміздің театртану ғылымында арнайы әрі нақты зерттелмеген. Қазақ театртану саласында режиссураның тарихы мен қалыптасу кезеңдері жөнінде зерттеулер бар.

Бірінші топтағы еңбектердің қатарына қазақ театр тарихын зерттеумен арнайы айналысқан театртанушы ғалымдар Б.Құндақбаевтың, Ә.Сығаевтың, А.Қадыровтың, С.Қабдиеваның, Б.Нұрпейістің, А.Мұқанның, А.Еркебайдың, М.Жақсылықованың, Н.Шаукенбаеваның тарихи-талдаушылық бағытта жазылған ғылыми монографияларын, көрнекті театр режиссерлері мен актерлері А.Әшімовтің, М.Байсеркеновтың, Р.Сейтметовтың, Т.Жаманқұловтың, Ә.Рахимовтың  кітаптарын жатқызамыз.

Аталмыш ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қойылымдардың көркемдік деңгейі, тақырыптық-идеялық мазмұны  мен актерлік  ойындар жан-жақты талданады. Саңлақ сахнагерлердің режиссурасының ерекшеліктері туралы спектакльдерді талдау барысында айтылып отырады.

Әрине еліміздің театр режиссурасы ұлттық сипаты мен эстетикасы басқа ұлттардан ерекшелгенімен, оның даму тенденцияларын әлемдік өркениеттегі мәдени контексттер тұрғысында салыстырмалы тұрғыда зерттейміз. Сондықтан шетелдік мамандардың ішінен ресейлік, франциялық, ұлыбританиялық, америкалық, германиялық және т.б. елдердің зерттеушілерін атауға болады. Олардың барлығында заманауи театр режиссурасының мәселелесін қарастырудың әртүрлі әдістемесі байқалады.

Ендеше екінші топтағы еңбектерге қазіргі театр өнерінің даму процесін, заманауи режиссураның өзекті мәселелерін терең зерттеумен арнайы айналысқан театртанушы ғалымдар; ресейлік - М.О.Кнебель, А.Бартошевич, В.Силюнас,  Е.Крымова, М.Г.Литаврина, П.Богданова, А.Б.Ладыгина, В.В.Гринин, Н.Потапов, И.Рудакова, Р.Должанский, Ю.М.Барбой, Г.А.Праздников, В.И.Максимов, Н.В.Песочинский, Б.Н.Кудрявцев, И.И.Бойкова, Н.А.Таршис, А.В.Сергеев, А.П.Кулиш, А.А.Чепуров, ұлыбританиялық - Эрик Бентли, Айвор Браун, Ирвинг Уордл, Бернард Левин, Кеннет Тайнен, Джон Холлоуэй, Дэвид Адамс, франциялық - Пьер-Эме Тушар, Жорж Кравен, Ролан Барт, Жан-Пьер Тибода, американдық - Уолтер Керр, Старк Янг, Чарльз Мэровиц, Роберт Брустин, Фрэнк Ричи, польшалық -  Котт Ян,  және т.б. көптеген зерттеушілердің еңбектерін атауға болады.

Үшінші топқа мерзімді газет-журнал беттеріне әр жылдарда  жекелеген спектакльдер мен жекелеген режиссерлерге шығармашылық кескіндемелер жазып отырған мәдениеттанушы, сыншы Ә.Бөпежанова, С.Әбединова, А.Есали, А.Қорғанбаев, А.Ахметқызы, Ә.Бақдәулетқызы, Н.Жұмабай, А.Аханбайқызы т.б.   режиссерлер туралы мақалаларында  режиссерлік өнер спектакльдің тақырыптық мақсаты мен міндеттері  аясында  бағаланған.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысының театртанудағы мәдени-тарихи, салыстырмалы-типологиялық, тарихи-функционалдық, герменевтикалық, семиотикалық,  әлеуметтік әдістерге сүйінеді. Жоғарыда келтірілген мақсат-міндетті жүзеге асыру барысында докторант диссертация жұмысын жазу кезінде Ресей, Франция, Германия, Чехия, Италия, Австрия, Грузия, Армения, Израил, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің қазіргі сахна өнерінің процесімен жақын танысып шықты.

Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі ретінде белгілі отандық  Б.Құндақбаев, Ә.Сығаев, А.Қадыров, С.Қабдиева, Б.Нұрпейіс, А.Еркебай, А.Мұқан, М.Жақсылықова, З.Исламбаева мен бұрынғы  Одақтық  К.С.Станиславский, Вл.И.Немирович-Данченко, Б.Алперс, А.Бартошевич, П.Марков,  К.Рудницкий, М.Кнебель, Ю.Барбой және шетелдік театртану саласындағы Б.Брехт, А.Арто, П.Брук, Е.Гротовский, Дж.Стрелер, Э.Бентли, Э.Барба, Н.Саварезе, Ю.Альщиц, И.Уордл  т.б.  режиссерлердің, ғалымдардың  әр жылдарда жарық көрген театр өнерінің теориясы мен практикасы, мәдениеттің эстетикасы саласында жазылған ғылыми еңбектері басшылыққа алынды.

Режиссураның хронологиялық ауқымы тәуелсіздік алған кезеңді, яғни 1991-2015 жылдардың аралығын қамтитындықтан да режиссерлердің үздік жұмысы саналатын кезеңдік спектакльдердің көркемдік тұтастығын талдау, қорыту мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи әдістер арқылы қарастырылды. Соңғы жылдары қоғамда болып жатқан өзгерістерге орай өмір мен өнердің, мәдениет пен ғылымның әр саласындағы өзара байланыстарды тұтастай қамтуға назар аударылды. Режиссерлердің тәуелсіздік алған кезеңнен бұрын ертерек қойылған кейбір қойылымдарына реконструкция жасай отырып   тарихи-мәдени шолу, мәдениеттанушылық, психологиялық, педагогикалық, эстетикалық  аспектілерге сүйеніп зерттеу нысанының ыңғайына қарай әртүрлі тарихи-функциональдық, герменевтикалық, семиотикалық  секілді театртанушылық әдістер де пайдаланылды. Режиссерлердің тұлға болып қалыптасуындағы олардың шығармашылық және өмір жолын зерттеу, өздері өмір сүрген кезең мен қоғамның рухани құндылықтар жүйесін көрсететін ішкі суреткерлік әлемін жақсы түсіну үшін өмірбаяндық әдіс те қолданылды.

Қазақстан режиссурасының әлемдік театр кеңістігіндегі даму, өркендеу контексіндегі орынын бағамдау үшін зерттеудің салыстырмалы-типологиялық, режиссерлердің театрдың репертуарлық саясатын жасаудағы, актер мектебін қалыптастырудағы заңдылықтарын дәлелдеуге мүмкіндік беретін формальдық және әлеуметтік әдістер, сонымен бірге қойылымдарды талдау нәтижесінде режиссурадағы табыстар мен кемшіліктерді кәсіптік деңгейде бағалауға қолайлы сыншылық талдау әдістері де пайдаланылды.

Диссертациялық зерттеудің жаңалығы: Бұл диссертациялық жұмыста тәуелсіз еліміздің театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық ұғымдары қазақ театртануында тарихи-зерттеушілік және теориялық тұрғыда алғаш рет қарастырылды. Автор диссертация жұмысын кешенді түрде зерттеу барысында мынадай жаңалықтарға қол жеткізілді:

– 1991-2015 жылдардағы, яғни тәуелсіздік алған кезеңдегі Қазақстанның театр режиссурасындағы ізденістер алғаш рет жеке дара сараланды;

– Режиссурадағы сабақтастық пен жаңашылдық ұғымдарының сипаттық белгілері айқындалып, отандық театртану ғылымындағы негізгі тұжырымдамалары жүйеленді;

– Қазақстанның театр режиссурасының дамуы мен жаңғыру кезеңдері сабақтастық пен жаңашылдық арақатынасы негізінде қарастырыла келіп, театр мектептеріндегі әдістеменің, көркемдік-мағыналық ассосациялардың, символдардың, театрлық метафоралардың жүйелі түрдегі жалғастығы анықталды;

– режиссура өнерінің  ұлттық театрлардың болмыс-бітімін сақтап қалудағы рөлі айқындалып, кеңестік тоталитарлық жүйеден кейінгі шығармашылық  еркіндіктің нәтижесінде сахналанған спектакльдердегі суреткерлік ой мен режиссерлік тұжырымдар пайымдалды;

– Қазақстанның мәдениетіндегі «театр – әлеуметтік институт» жаңа эстетикалық жүйесін қалыптастырған  режиссердің  әлеуметтік феномен екендігі  анықталды;

– көп ұлтты Қазақстан режиссерлерінің тәуелсіз мемлекетіміздің заманауи театр мәдениеті мен эстетикасын қалыптастыруға қосқан үлестері  сараланды;

– Еуропаның қазіргі театр әдістері мен жүйелерінің қазақ театр өнеріне тигізген ықпалы  ашылды;

– Заманауи қазақ театр режиссурасының жаңа үрдістері мен даму перспективалары белгіленді;

– Автор отандық ғылыми айналымға «режиссер – спектакль авторы» деген халықаралық театртанушылық ұғымды енгізуді ұсынды.

– қазақ театр мәдениеті мен эстетикасын көтерудегі режиссердің дүниетанымдық парадигмалары  мен   адамзат рухын көтерудегі режиссерлік  шешімдері  айқындалды;

– режиссерлердің суреткерлік тұлғасы мен шығармашылығы қоғамдық-әлеуметтік және мәдени өмір контексінде қарастырыла келіп, театр өнерінің саяси-идеялық бағыт-бағдары мен қоғамдық ролі  анықталды; 

Диссертациялық зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы: Автордың пайымдауынша диссертацияда ұсынылатын ғылыми қағидалар мен ой-тұжырымдарды қазақ театрының тарихы, қазіргі театр процесі, актер шеберлігі, режиссураға кіріспе пәндерінде оқытуына, сол сияқты гуманитарлық бағыттағы оқу орындарында арнаулы курс, семинар дәрістерінде пайдалануға болады. Сонымен бірге, студенттердің, магистранттар мен докторантардың, жоғарғы оқу орындары оқытушыларының оқу-әдістемелік және зерттеу жұмыстарында, ғылыми жобаларында қолдануылуына және жалғастырылуына мүмкіндік береді.

  Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы: Докторлық диссертация Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының кеңейтілген мәжілісінде 2016 жылдың 29 сәуірінде (хаттама № 9/1) талқыланып, қорғауға ұсынылды.            

Зерттеудің негізгі мазмұны, ғылыми нәтижелері мен түйінді тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті белгілеген арнаулы басылымдарында жарық көрді. Диссертациялық зерттеудің теориялық-әдістемелік қағидалары, тәжірибелік нәтижелері мен тұжырымдары ғылыми-теориялық конференциялар мен ғылыми-практикалық семинарларда сыннан өтіп, баяндалды. Диссертацияға байланысты келесі мақалалар мен баяндамалар жарияланды:

  1. Маемиров А. «Қарагөз» трагедиясының эстетикасы және режиссерлік қойылу ерекшеліктері // ЮНЕСКО 70 жылдығына арналған «Қазақ және венгр киносы мен телевизиясы: өзін тану, заманауилық және тарихи мұра» халықаралық ғылыми практикалық конференцияның материалдары. – Алматы: Т. Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА, 2015. – 224-229 б.
  2. Маемиров А. Әлемдік және орыс классикалық туындыларының қазақ сахнасында игерілуі // әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. Мәдениеттану сериясы № 3 (52) – 2015. -114-123 б.
  3. Маемиров А. Современный театральный процесс Казахстана: Проблема бытия человека // ХІ международная научно-практическая конференция «Новости научной мысли», Прага, Чехия. 22-30 октября, 2015 г. - с 78-85.
  4. Маемиров А. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» пьесаларындағы дәстүр мен жаңашылдық // Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы № 4, 2015 ж. -133-137 б.
  5. Маемиров А. Классикалық шығармаларды сахналаудағы режиссерлік ізденістер // С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің хабаршысы. Филологиялық сериясы № 4 (37) - 2015. – 175-188 б.
  6. Маемиров А. Қазақстан режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық // А.Тоқпановтың 100 жылдығы мен Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған «Бүгінгі театрдың даму мәселелері және перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Алматы: Т. Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА, 2015. – 61-66 б.
  7. A.Mayemirov, K.Khalykov, B.Nurpeis. Ethnic and Cultural Aspects in the Development of Kazakh Theatres during the Independence Period: The Problems of Human Existence// Folklore: Electronic Journal of Folklore, Thomson Reuters (Arts & Humanities Citation Index) and Scopus №62, Tartu, Estonia, December 2015 – р. 201-224  

Диссертациялық еңбектің құрылымы: Диссертациялық жұмыс тақырып өзектілігі, мақсаты мен мiндеттерiне сәйкес кiрiспеден, әрқайсысы екі тараушадан құрылған үш бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.

 

+