Карта сайта
рус

ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ — БИДІҢ ДЕ АКАДЕМИЯСЫ

06.06.2019

ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ — БИДІҢ ДЕ АКАДЕМИЯСЫ

      Биылғы 3-ші маусымда Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің концерті болып өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әзірленген өнер ұжымының бұл жолғы маусымжабар концерті ағымдағы Жастар жылына орайластырылды. 
      «Салтанат» ансамблі өнер сүйер қауымға әлем халықтары және қазақ билері кіретін репертуарымен танымал. 
Ұжымға ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Гүлсәуле Орумбаева көркемдік жетекшілік жасайды, ол сонымен бірге ансамбльдің бас балетмейстері. 
Ансамбльдің баспасөз хатшысы Назгүл Какимованың айтуынша, ансамбль негізінен жастардан құралған, демек, бұл жолғы концерттің Елбасы жариялаған Жастар жылына орайластырылуы әбден орынды, сондай-ақ символдық мәнге ие. 
Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының сахнасына бұл жолы да көрермендер ықыласына бөленіп үлгерген балет артистерінің негізгі құрамы шықты. Айта кететін жағдай, «Салтанат» би ансамблінің құрамында Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясының түлектері — Асқаров Азамат, Құдабаева Динара, Қажықанова Ақмарал өнер көрсетуде. Осының өзі Академияның Хореография факультетінің ұлттық би өнеріне арнап кадр даярлау бойынша әлеуеті айтарлықтай екендігін көрсетеді. Мәселен, ансамбль солистері Азамат пен Динара орындаған «Домбыра туралы ән» және «Жауын» би нөмірлері пластикасы жағынан өзара композициялық қиылысуы тұрғысынан, жалпы жұптық үйлесімділік бойынша жиналғандарды тәнті етті. Сонымен бірге көрермендер ұлттық балет және би өнерінің бүгінде жарқырап туып келе жатқан жаңа жұлдыз, Махмұд Эсамбаев атындағы Халықаралық би конкурсының Гран-При жүлдегері — Ернұр Қарықболдыны үлкен қошеметпен қарсы алды. 
      Біз әдетте «Қазақстан – жүз ұлттың бас қосқан жері» деген сөзді жиі қолданамыз. Ал біз атап отырған концерт мұның жай ғана айтыла салған сөз емес, өмір шындығымен қабысып жатқан тіркес екендігін анық көрсеткендей болды. Оған дәлел – ансамбль бишілері сахнада мың бұралтып, тоқсан құбылтқан әлем халықтарының билері. Бұрыннан репертуарда бар билеріне қоса бұл жолы жаңадан еврей халқының ұлттық биі қосылған екен. Мұның өзі өнер ұжымының бір орында тұрып қалмай, қанатын кеңге жайып келе жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ, ансамбльдің қазақ билерін нақышына келтіре орындауы «Қазақта би өнері онша дамымаған» деген сөздің негізсіз, даулы екендігін тағы бір аңғартқандай болды. Егер түркі халқында ұзын-саны отыздан асатын көне би бар болса, осы мұраның бүкіл түркінің қара шаңырағы есептелетін қазақта болмауы мүмкін емес. Сонымен бірге биылғы маусымның айқын және бір ерекшелігі ретінде би ансамблінің көргеннің көз жауын алатын әсем костюмдері дер едік.
Қорыта айтқанда, «Салтанат» би ансамблінің концерті жас өнер ұжымының тынымсыз ізденіс үстінде екендігін және қай тұрғыдан болсын бірте-бірте өнер асуына бет алып келе жатқан бағдарын байқатты. Жалпы алғанда, бізде би өнеріне мемлекет тарапынан, соның ішінде Мәдениет министрлігі тарапынан үлкен қолдаудың бар екендігін концерт барысында сезіндік.

 

Т. Жүргенов атындағы 
ҚазҰӨА-ның Баспасөз қызметі,
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Назад к Новости КазНаи
+